Жетісу облысындағы республикалық маңызы бар автожолдардың 100 пайызы және жергілікті жолдардың 95 пайызы жақсы әрі қанағаттанарлық жағдайда. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлім етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс басшысының айтуынша, өңірдегі автожолдардың жалпы ұзындығы 4 мың шақырымды құрайды. Соның ішінде республикалық маңызы бар «Талдықорған – Достық» (498 км), «Сарыөзек – Қорғас» (248 км) және облыстық маңызы бар «Талдықорған – Балқаш көлі» (132 км) автожолдарына жүргізілген жөндеу жұмыстары арқылы көрсеткіш айтарлықтай жақсарған.
– Жолдардың сапасын бақылауды күшейту үшін өңірде 2024 жылдан бері 10 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылды. Бұл жүйелер жолдардың нормативтік жағдайын тұрақты түрде бақылап отыруға мүмкіндік береді, – деді Бейбіт Исабаев.
Сондай-ақ облыс әкімі өз сөзінде өңірдегі апатты көпірлер мәселесіне де ерекше тоқталды.
– Облыстық маңызы бар жолдарда жалпы 108 көпір бар, оның 15-і апатты жағдайда еді. Қазір олардың барлығы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 5 көпірдің күрделі жөндеуі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған сегізі бойынша қайта жаңғырту жұмыстары биыл күзде аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы, апатты деп танылған барлық көпірлер биыл толықтай жөнделіп, қолданысқа беріледі, – деп атап өтті облыс әкімі.
Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылының тұрғыны Балжан Нүсіп отбасымен бірге гүл өсіріп, айналасын әдемілік пен нәзіктікке толтырып отырғанын тілшілеріміз жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







