Астанада Жалпыұлттық коалициясының өкілдері Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде арнайы кездесу өткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ел астанасында орналасқан бұл әскери бөлімнің сарбаздары қоғамдық тәртіпті сақтап, стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетіп, төтенше жағдай кезінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады.
Жиынға жалпы саны 1200-ден астам әскери қызметші, оның ішінде мерзімді әскери қызмет сарбаздары, сержанттар мен офицерлер қатысты. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының басты қағидаттары жан-жақты талқыланып, оның ел дамуына тигізер оң әсерлері егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Конституцияның жаңа нұсқасы басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайту және мемлекет пен қоғам арасындағы ортақ жауапкершілікті күшейтуге баса мән беретіні сөз болды.
– Жаңа Конституция қоғамның әділеттілікке деген талабынан туындаған құжат. 11 бөлім, 96 баптан тұратын бұл жоба мемлекеттің басты міндеті – адамға қызмет ету екенін нақтылайды. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентті «Құрылтай» деп атау бастамасы тарихи дәстүрлерімізді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам, – деді жиын барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.
Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Адамбек өз сөзінде: «Қазіргі қолданыстағы Конституциямызға бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Құжаттың бірқатар баптары заман талабына сәйкес қайта қарауды қажет етеді.
Жаңа Конституция жобасы цифрлық трансформацияны, жасанды интеллект институттарын дамытуды, сондай-ақ «Құрылтай» мен «Қазақстан халқы кеңесі» сынды жаңа қоғамдық институттарды енгізуді көздейді», – деп атап өтті.
Жиында әскери қызметшілер де өз ойларын ортаға салды. Олардың пікірінше, Конституциялық өзгерістер мемлекет дамуының басты кепілі болып табылады. Әскерилер елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін сақтауда заң үстемдігі мен тиімді мемлекеттік басқарудың маңызы зор екенін ерекше атап көрсетті.

– Әскер мемлекеттің сенімді қорғаны. Біз үшін Отанға қызмет ету – ең қастерлі парыз. Әрбір сарбаз өз міндетін абыроймен атқарса, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы нығая түседі. Ал референдумға қатысу – әрбір азаматтың ел болашағы алдындағы жауапкершілігі, – деді әскери бөлімнің сарбаздары өз сөздерінде.
Кездесу қорытындысында Конституциялық өзгерістер мемлекеттілікті нығайтып, басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауда берік институционалдық негіз қалыптастыратыны ерекше айтылды. Осындай өзгерістер Қазақстанның тұрақты даму жолында маңызды рөл атқаратынына сенім білдірілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







