Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің үстінен екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы оның бұрынғы әйелі Фариза Алмазқызы мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Фаризаның айтуынша, актерге қатысты іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша қозғалған. Атап айтқанда, «Сталкинг» – 115-1 бап және «Көрінеу жалған ақпарат тарату» – 274-баптың 2-бөлігі, 3-тармағы бойынша тергеу басталған.
«Қазір Жақсыгенге қатысты екі іс тіркелді. Біз адвокатпен бірге істің соңына дейін барып, сотта әділ шешім қабылданғанша тоқтамаймыз. Оның жасаған әрбір әрекеті заң алдында тиісті бағасын алады», – дейді Фариза Алмазқызы.
Осыған дейін Нұрсұлтан мен Фаризаның арасындағы дау әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударып, қызу талқыланған еді.
Фариза бұрынғы жұбайының өзіне ғана емес, бүкіл отбасына тіл тигізгенін, тіпті, жеке видеосын жариялаймын деп қорқытқанын бірнеше мәрте айтқан болатын. Сондай-ақ актердің балаларын қамтамасыз етпейтінін де алға тартты.
Айта кетейік, ҚК 115-1 бабы («Сталкинг») бойынша 50 тәулікке дейін қамақ жазасы белгіленген. Ал 274-бап («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша кінәлі деп танылғандарға 1 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары әзірге осы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







