Холестерин туралы көптеген адамдарда қате түсінік қалыптасқан. Біреулер оны толығымен зиянды деп санаса, енді біреулер оның маңызына жеткілікті көңіл бөлмейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шын мәнінде, холестерин ағза үшін аса қажет зат, бірақ оның шамадан тыс болуы жүрек пен қан тамырларына қауіп төндіреді. Холестерин жайлы 8 маңызды фактімен таныс болыңыздар, оларды есте сақтау жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектеседі.
Холестериннің барлығы бірдей зиянды емес
Холестериннің екі түрі бар: «жақсы» (тығыздығы жоғары липопротеидтер – ТЖЛП) және «жаман» (тығыздығы төмен липопротеидтер – ТТЛП). «Жақсы» холестерин тамырларды тазалап, артық холестеринді бауырға жеткізеді, ал «жаман» холестерин тамыр қабырғасына жиналып, атеросклероз тудырады.
Арық адамдарда да холестерин жоғары болуы мүмкін
Холестерин мөлшерінің жоғары болуы тек артық салмақпен байланысты емес. Оның деңгейіне генетика, дұрыс емес тамақтану, шылым шегу, ішімдік ішу, қалқанша безінің аурулары, стресс және кейбір дәрілердің әсері бар.
Жоғары холестерин байқалмай өтеді
Холестериннің көптігі бірден сезілмейді және ұзақ уақыт бойы симптомсыз жүреді. Ол атеросклероз, стенокардия, миокард инфарктісі сияқты ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Кейде тері астында сары түсті май түйіндері (ксантамалар) пайда болып, сырттай белгі береді.
Холестерині жоқ өнімдер – әрдайым дұрыс шешім емес
Холестерині жоғары өнімдердің кейбірі өте пайдалы болып келеді. Мысалы, сиыр еті темір мен В дәрумендеріне, ал сүт өнімдері кальций мен ақуызға бай. Сондықтан холестерині бар өнімдерді толығымен шектеудің орнына, қаныққан майларға бай тағамдарды (шоколад, тәттілер, майлы ет, фастфуд, қуырылған өнімдер) азайтқан дұрыс. Оның орнына көкөністерді, жеміс-жидектерді, жаңғақтарды, тұтас дәнді дақылдар мен майсыз етті көбірек тұтынған абзал.
Жұмыртқа холестеринге бай, бірақ пайдасы да мол
Жұмыртқа құрамында шынымен холестерин көп, бірақ онда ағза үшін пайдалы ақуыздар, дәрумендер, минералдар мен антиоксиданттар бар. Сондықтан сау адамдарға күніне екі жұмыртқаға дейін жеуге болады. Жұмыртқаны дұрыс дайындау тәсілдерін де ескерген жөн.
Холестерин деңгейін бала кезден бақылаған дұрыс
Жоғары холестерин тек ересектер мен қарияларға ғана қауіп төндірмейді, ол жастар мен балаларға да әсер етуі мүмкін. Әсіресе тұқым қуалайтын гиперхолестеринемия кезінде баланың денсаулығын ерте жастан тексерген абзал.
Әйелдерде қауіп факторы көбірек
Холестериннің деңгейі әйелдерде жүктілік, бала емізу, гормондар және менопауза сияқты физиологиялық өзгерістерге байланысты жиі ауытқиды. Сондықтан әйелдердің жүрек-қан тамырлары ауруларына бейімділігі жоғары, бұл холестерин деңгейін жиі тексеруді талап етеді.
Холестеринді төмендетуде тек дәрілермен шектелмеңіз
Холестерин деңгейін қалыпқа келтіру үшін дұрыс өмір салтын ұстану керек. Алайда кейде зиянды әдеттерден бас тартып, дұрыс тамақтанса да, холестерин деңгейі төмендемеуі мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігердің тағайындауымен арнайы дәрілер қолданылады. Бірақ дәрі-дәрмек жалғыз өзі жеткіліксіз – өз денсаулығыңыз үшін тұрақты түрде күш жұмсауыңыз қажет.
Танымал New England Journal of Medicine ғылыми журналы ең пайдалы диеталардың жаңа рейтингін жариялады. Екінші жыл қатарынан DASH диетасы жүрек саулығын сақтау үшін ең тиімді әрі пайдалы диета ретінде танылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







