Қыс мезгілінен кейін ағзамыз әлсіреп, дәрумендер тапшылығы туындайды. Көктемді сергек әрі сау болып қарсы алу үшін бірқатар талдауларды дер кезінде өткізу маңызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осы ретте Дәрігер, гастроэнтеролог, гериатр, нутрициолог Балжан Мекебайқызы қыстан кейін ағзаны тексеру үшін ең қажет 5 талдауды атады.
D дәрумені (25-OH)
Бұл ең маңызды базалық талдаулардың бірі. Қыста күннің сәулесі өте аз, ал бұл дәрумен тек теріде ғана синтезделеді. Оның тапшылығы ағзаның тез шаршауына, бұлшық ет әлсіздігіне, тіс эмалінің бұзылуына, аутоиммундық аурулардың және әйелдер ауруларының өршуіне әкелуі мүмкін. Дәрумен мөлшерін анықтау арқылы дұрыс дозаны белгілеуге болады.
Қанның биохимиялық талдауы
Қанның клиникалық талдауы, ферритин, трансферрин, жалпы ақуыз бен альбумин ағзадағы темір мен ақуыз қорының нақты деңгейін көрсетеді. Ферритин де ақуыз болып табылады. Егер жалпы ақуыз деңгейі төмен болса, темірді қанша қабылдасаңыз да, ферритин көрсеткіші көтерілмейді. Трансферрин де ақуыз болғандықтан, альбумин аз болса, трансферрин де аз болып, темір бауырға жетпейді. Сондықтан ферритинді жеке қарастыру тиімсіз, себебі қабыну кезінде оның көрсеткіші қате көтерілуі мүмкін.
Темір тапшылығы гемоглобин деңгейі қалыпты болса да шаштың түсуіне, зейін мен есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, әлсіздік пен суыққа төзбеуге әкеледі. Альбумин мен жалпы ақуыздың төмен деңгейі де шаш пен терінің жағдайына, бұлшық еттердің дамуына кері әсер етіп, тез шаршауға себеп болады.
B12 дәрумені және гомоцистеин
B12 дәруменінің тапшылығы шаршауға, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, дененің жансыздануына, құмырсқаның жүргеніндей сезімдерге әкеледі. B12 дәрумені жүйке талшықтарының тұтастығын және қан түзілуін қамтамасыз етеді. Гомоцистеин деңгейі осы дәруменнің көрсеткіші болып табылады. Егер B12 жеткіліксіз болса, гомоцистеин көрсеткіші артады. B12 деңгейінің жоғары нормаға жақын болуы маңызды. Гомоцистеин ағзадағы токсиндердің толық шығарылмауы мен тамырлардың қабынуын да көрсетеді.
Қалқанша без гормондары (ТТГ, Т4св, Т3св)
Қалқанша без жыл мезгілдері ауысқанда ағзаның биологиялық ырғағын реттейтін маңызды мүше. Созылмалы күйзеліс пен пайдалы заттардың жетіспеушілігіне алғаш болып жауап береді. Оның қызметінің төмендеуі қабақ пен беттің ісінуіне, терінің құрғауына, дененің әлсіреуіне, суыққа сезімталдыққа және артық салмақ жинауға себеп болады. Сондықтан ТТГ (тиреотропты гормон), Т4 бос және Т3 бос гормондарының деңгейін тексерген жөн.
Қанның клиникалық талдауы
Бұл талдау эритроциттер, гемоглобин, лейкоциттер және лимфоциттердің деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар аллергия мен қабыну белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Осы талдау көктемгі аллергия кезінде антигистаминдік препараттарды алдын ала қабылдауды жоспарлауға көмектеседі.
Барлық талдауларды міндетті түрде дәрігерге көрсетіңіз. Маман денсаулығыңыздың жағдайын бағалап, тәуекелдерді анықтап, көктемді сергек, сау күйде қарсы алуға қажетті ұсыныстар береді.
Қажет болған жағдайда липидограмманы (холестерин деңгейін тексеру) және бауыр ферменттері (АСТ, АЛТ) арқылы бауыр қызметін де тексеруге болады.
Танымал New England Journal of Medicine ғылыми журналы ең пайдалы диеталардың жаңа рейтингін жариялады. Екінші жыл қатарынан DASH диетасы жүрек саулығын сақтау үшін ең тиімді әрі пайдалы диета ретінде танылып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







