Кейбір адамдар өт қабын алып тастаудың аса қауіпті емес екеніне сенімді. Шынында да, бұл шағын органсыз өмір сүріп жүргендер аз емес, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірақ кішкентай өт қабының бүкіл ас қорыту жүйесінің жұмысын реттеуде атқаратын өз міндеті бар. Оның негізгі қызметі бауырдан келетін өт сұйықтығын жинап, оны он екі елі ішекке қажет кезде ғана шығарып отыру.
Өт қабында кездесетін ең күрделі мәселелердің бірі оның ішінде құмның («билиарлы сладж») немесе өт тастарының пайда болуы. Бұл тастарды бір пайда болған соң ағзадан шығару қиын. Сондықтан дәрігерлер басты назарды осы жағдайға жеткізбеуге кеңес береді.
Медицина ғылымдарының кандидаты Айжан Омарқызының айтуынша, өт қабында тас пайда болуының басты себептерінің бірі дұрыс тамақтанбау.
– Ағзаға қолайлы тамақтану режиміне көшсеңіз, өттің сапасы жақсарып, ондағы тұрып қалған сұйықтық та біртіндеп тарай бастайды. Дегенмен тек тағамның түрі ғана емес, оны қалай және қашан тұтынғаныңыз да маңызды, – дейді дәрігер.
Бірінші қателік калорияны күрт шектеу. Калорияны тым аз тұтынатын қатаң диеталар өт қабына тас жиналуына жол ашады. «Асқазанды кішірейту операциясынан кейін алғашқы алты айда пациенттердің жартысында өт қабында тас пайда болуы ықтимал», – деп ескертеді маман.
Екінші жаман әдет суды аз ішіп, құрғақ тамақ жеу. Бутерброд, шоколад, батончик сияқты тіскебасарлар өт қабында тастардың пайда болуына әкелсе, судың жетіспеуі өттің қоюланып, тұтқырлығын арттырады.
Үшіншіден, тамақты дұрыс шайнамау да өт қабына зиян. Тамақты асығыс-үсігіс, теледидар көріп отырып немесе телефонмен шұғылданып жейтін болсаңыз, ас дұрыс шайналмайды. Негізінде жақсы шайнау – сілекей бөлініп, ас қорытуды жақсартатын тиімді әдіс.
Төртінші жағымсыз әдет – үнемі салқын су ішіп, суық тамақ тұтыну. Суық су асқазан қышқылының бөлінуін төмендетіп, өт жолдарының жиырылуын нашарлатады. Әсіресе, суық әрі майлы тағамдарды бірге жеген зияндырақ.
Бесінші кемшілік кешкі астың тым тойымды болуы. «Сау тамақтанудың алтын ережесі: таңғы асты өзің іш, түскі асты досыңмен бөліс, кешкі асты дұшпаныңа бер», – дейді дәрігер Баранова.
Алтыншы әдет тым жиі тіскебасарға үйір болу. «Өт қабы майсыз, көмірсуы көп, жиі және аз мөлшердегі тағамды ұнатпайды. Өтке май керек, ал тіскебасар артық», – деп түйіндейді маман.
Түйін
Дәрігерлердің айтуынша, өт қабындағы құм екі жыл ішінде пациенттердің 14%-ында тасқа айналса, 6%-ында өт коликасына әкелуі мүмкін. Ас мәзірінен бөлек тағы қандай себептер өт қабында құм пайда болуына әсер етеді?
Өт қабының жұмысы нашарласа, оны бірден білуге болады. Гастроэнтерологтар өт қабында ақау барын білдіретін бірнеше белгіні атайды. Олар: іш қату, нәжістің түсі ағарып сұйылуы, іштің кебуі, ауыздан жағымсыз иіс шығуы, тілде ақ немесе сары өңездің пайда болуы, ас қорыту бұзылыстары, таңертең тәбет жоғалуы, майлы тағамнан бас тарту, тамақтан кейін ауырсыну сезімі, ауыздағы ащы дәм, жиі кекіру, денеде май бездері мен липомалардың пайда болуы және терінің шамадан тыс құрғап, дерматит пен акненің шығуы.
Холестерин туралы көптеген адамдарда қате түсінік қалыптасқан. Біреулер оны толығымен зиянды деп санаса, енді біреулер оның маңызына жеткілікті көңіл бөлмейді. Анығын біздің тілшілер жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







