Автокөлік аккумуляторы арасындағы ең сапалы брендтер рейтингі анықталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы уақытта электромобильдерге сұраныс артқанымен, жолдарда жүрген көліктердің басым бөлігі әлі күнге бензинмен жүреді. Бұған бензинмен жүретін автокөліктердің жөндеу жұмыстары арзанырақ болуы да әсер етеді. Ал көлік аккумуляторы автомобильдің тұрақты әрі сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ететін маңызды бөлшек.
Дегенмен нарықта аккумулятордың сан алуан түрі бар. Сол себепті таңдауда жаңылысу оңай. Осы мәселені жеңілдету мақсатында Consumer Reports журналы көлік аккумуляторларына арнайы зерттеу жүргізді.
Зерттеуде аккумуляторлардың сенімділігі, қызмет ету мерзімі, қосалқы сыйымдылығы (көлік генераторы істен шыққан жағдайда қанша уақыт жұмыс істейтіні) және суық ауа райында көлікті іске қосу қабілеті сыналды.
Consumer Reports сынағынан өткен аккумуляторлардың нәтижесіне сүйене отырып, ең сапалы 10 брендтің рейтингі жасалды.
EverStart
Бұл брендтің өнімдері Walmart дүкендерінде сатылады және бюджеті шектеулі көлік иелері үшін тиімді. Дегенмен жалпы көрсеткіштері төмен болды. Ең үздік моделі — EverStart Platinum AGM H5/47.
DieHard
1967 жылы құрылған DieHard аккумуляторларының кейбір модельдері жоғары баға алғанымен, жалпы рейтингі орта деңгейде. Ең жоғары бағаланған моделі — DieHard Platinum AGM H5-AGM.
Duralast
AutoZone желісінің өз бренді. Ең жоғары баға алған моделі — Duralast Platinum AGM 47 H5-AGM. Дегенмен пікірлер әртүрлі, тұрақсыздық байқалады.
AAA
Бұл бренд жол бойында техникалық көмек көрсететін компанияға тиесілі. AAA Premium BAT 8435AAA моделі ең үздік деп танылды. Пайдаланушылардың айтуынша, қызмет көрсету сапалы болғанымен, бағасы салыстырмалы түрде қымбат.
Napa
Автобөлшектер саласындағы танымал бренд. Ең жоғары бағаланған моделі — Napa The Legend Premium AGM 35 BAT983585. Артықшылығы – сервистік қызмет көрсету орталықтары кең тараған.
Exide
Жоғары сапасы мен ұзақ мерзімділігі арқасында бесінші орынға тұрақтады. Үздік моделі — Exide Marathon Max AGM MX35-EX.
Interstate
1952 жылы құрылған, АҚШ-тағы танымал брендтердің бірі. Interstate MTX-47/H5 AGM моделі ең жоғары баға алған. Costco дүкендерінен сатып алуға кеңес беріледі.
Optima
Сапасы жағынан жоғары баға алып, пайдаланушылар арасында сенімге ие болды. Optima H6 моделі ең сапалы деп танылды, ұзақ мерзімді және суық ауа райында жақсы жұмыс істейді.
Duracell
1920 жылдардан бері жұмыс істейтін бұл брендтің Duracell Platinum AGM 47 (H5) аккумуляторы үздік деп бағаланды. Өте сенімді, ұзақ қызмет етеді.
Super Start
Рейтингтің көш басында Super Start бренді тұр. O’Reilly Auto Parts дүкендерінде сатылатын бұл аккумуляторлардың сапасы мен тұрақтылығы жоғары бағаланды. Super Start Platinum AGM 65PLT моделі ең үздік деп танылды.
Жалпы, мамандар автокөлік иелеріне аккумулятор таңдауда тек бағасына емес, нақты сыналған сапасы мен қызмет ету мерзіміне назар аударуды ұсынады. Осылайша жолда күтпеген жағдайда тұрып қалмауға болады.
Айтқандай, Ertenmedia тілшілері авто сарапшылардың көмегімен алыс сапар алдында электромобиль иелеріне арналған маңызды ұсыныстарды әзірледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







