Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова үкіметтегі брифингте «Наурыз» ипотекалық бағдарламасының басталғанын жариялады. Бағдарлама бойынша өтінім қабылдау 10 наурыз күні сағат 9:00-де басталып, 31 наурызға дейін жалғасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Егер Отбасы банкіндегі депозитіңізде кем дегенде 2 миллион теңге болса, сіз және отбасы мүшелеріңіз соңғы 5 жылда баспанаға ие болмасаңыздар, әрі бұл талап бойынша тексеруден өтсеңіздер «Наурыз» бағдарламасына қатысыңыздар. Қазір баспанаға тез қол жеткізудің ең тиімді жолы осы. Бастапқы жарна 20%, ал займның ең жоғары сомасы 36 миллион теңге», – деді Ләззат Ибрагимова.
Бағдарлама шарттары бойынша өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері (жұбайы мен балалары) соңғы 5 жыл ішінде баспанасыз болуы қажет. Сонымен қатар Отбасы банкіндегі депозитте кемінде 2 млн теңге жиналуы тиіс. Депозиттің мерзімі маңызды емес.
Тағы бір талап соңғы алты айдағы ресми кірістің болуы.
Бастапқы жарна займ сомасының 20 пайызынан басталады. Ал бастапқы тұрғын үйді таза әрлеумен сатып алатындар үшін бастапқы жарна 10 пайызға дейін төмендетіледі.
Ипотекалық займның ең жоғарғы сомасы өңірлерде 30 млн теңге, Астана мен Алматыда 36 млн теңге. Несие мерзімі 19 жылға дейін.
Займ бойынша сыйақы мөлшерлемесі:
- Әлеуметтік осал топтар бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін – 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін);
- Тұрғын үй кезегінде тұрған өзге санаттағы азаматтар, сондай-ақ басқа қазақстандықтар мен қандастар үшін – 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін).
«Наурыз» бағдарламасы аясында Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек жаңа тұрғын үйлерді алуға болады. Ал моноқалалар мен ауыл тұрғындары үшін жаңа да, қайталама нарықтағы үйлер де қолжетімді.
Айта кетелік, бұған дейін біз «Отбасының» халал ипотекаға жол ашатынын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







