Алматыда банк және микроқаржы ұйымдарының өкілдері бас қосып, алдағы референдум аясында ұсынылған жаңа Конституция жобасын талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова кездесуде қаржы секторы үшін тұрақты әрі болжамды құқықтық ортаның маңыздылығын атап өтті.
– Қаржы қауымдастығы мемлекет басшысы ұсынған саяси және экономикалық реформалардың мәнін жақсы түсініп, қолдап отыр. Бизнес-климат, саяси тұрақтылық және демократиялық өзгерістер елдің инвестициялық тартымдылығын арттырды. Қазақстан халықаралық ұйымдар мен рейтинг агенттіктерінен жоғары баға алуда. Бұл инвесторлар мен халықтың сенімінің артқанын білдіреді, – деді Әбілқасымова.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова қатысушылардың референдумға зор қызығушылық танытып, ұсынылған өзгерістер бойынша сұрақтарын белсенді қойғанын атап өтті.
«Мұндай кездесулер азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттырып, елдің дамуына жауапкершілікпен қарауға септігін тигізеді. Референдумнан кейін еліміздің құқықтық негізі айтарлықтай өзгеріске ұшырайды», – деді ол.
Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығының төрағасы Ербол Омарханов та қаржы секторының Президенттің бастамаларын қолдайтынын айтты.
«Қаржы ұйымдары әділетті, әлеуметтік әрі қуатты Қазақстан құруға бағытталған Президент саясатын қолдайды. Азаматтарымыз бен әріптестерімізді референдумға белсенді қатысып, өз пікірін білдіруге шақырамыз», – деді Омарханов.
«Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ басқарушы директоры Эрнст Муслимханов азаматтардың референдумға қатысуы – маңызды азаматтық ұстаным екеніне тоқталды.
– Біз референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Конституция жобасын дайындаған мамандардың түсіндірмесін тыңдау пайдалы болды. Бұл өзгерістердің ел дамуына қалай әсер ететінін түсіну маңызды, – деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша қаржы секторының өкілдері алдағы референдумды бірауыздан қолдап, азаматтардың маңызды шешімдер қабылдауға белсенді қатысуы елдің болашағы үшін аса қажет екенін атап өтті.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, Ордабасы ауданының тұрғындарымен кездесті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







