Ақордада президент Тоқаевтың төрағалығымен «Digital Qazaqstan» жобасының жүзеге асырылуына арналған жұмыс жиыны өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, Цифрландыру және жасанды интеллект жылында мемлекеттік органдарға ауқымды міндет жүктелген. Әсіресе, қазақстандық IT-бизнесті қолдап, оны дамытуға ерекше көңіл бөлінуі қажет.
«Осы бағытта айтарлықтай шаруа атқарылды. Astana Hub базасында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалды, отандық IT-қызмет экспортының көлемі бір миллиард долларға жақындады. Мемлекеттік қолдауды экспортқа бағытталған әрі зияткерлік меншік қалыптастыратын жобалар алуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп саласында жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуді маңызды деп санайды. Оның пікірінше, нақты сектордағы жасанды интеллектіні қолдану елдің технологиялық тәуелсіздігі мен экономикалық дамуының өзегіне айналмақ.
Президент Үкімет алдына озық технологияларды өндіріске енгізуді нақты ынталандыру міндетін қойды.
«Банктік қызметтерге жеке тоқталғым келеді. Ұлттық банкке берген тапсырмам бойынша цифрлық қаржы инфрақұрылымы құрылды. Оның аясында банктер арасында QR-төлем мен аударым, цифрлы теңге арқылы есеп айырысу іске асты. Осындай жүйелер төлем кезіндегі делдалдар санын қысқартып, шығындарды азайтады. Барлық банктердің осы жүйеге қосылуы заңмен бекітілсе де, ірі банктер талапты орындауға асықпай отыр», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық есептеу инфрақұрылымын дамытуды да қадап айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







