Маңғыстау облысында Амал мерекесі кеңінен тойланып, бүкіл Қазақстан бойынша Наурыз тойының онкүндігін ашты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мерекенің басты шаралары өңірдегі қасиетті жер – тарихи-мәдени «Адай ата – Отпан тау» кешенінде өтті. Биік шың басында ұйымдастырылған думанға елдің әр түкпірінен, сондай-ақ Польша, Түркия, Өзбекстан елдерінен туристер арнайы келіп, қазақтың бай мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен танысты. Мерекелік шарада Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан мен Өзбекстанның өнерпаздары да өнер көрсетіп, елдің көңілін көтерді.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Амал мерекесінің халықтың бірлігін бекемдейтін ерекше дәстүр екенін атап өтті.
«Ата-бабамыз Наурызды ықылым заманнан жаңа жылдың бастауы деп қабылдаған. Қазір Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде шекарасын бекіткен ел. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен онкүндік Наурызнама аясында осы ұлық мерекені Амалдан бастау маңызды», – деді ол.
Әкім цифрлық технологиялар заманында өмір сүрсек те, бабалар мұрасы, рухани құндылықтар халық бірлігінің берік іргетасы екенін жеткізді.
«Маңғыстауға әр өңірден және шет мемлекеттерден келген жерлестер мен қонақтарды қуана қарсы аламыз. Осы игі іске ұйытқы болған барша ұйымдастырушыларға, әріптестерге, өнер ұжымдарына зор алғысымды білдіремін. Елімізде әрдайым береке мен ынтымақ орнасын, халқымыз бейбітшілікте өмір сүрсін. Амалдан амалға аман жетейік!» – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Бұған қоса…
Амал тойына орай Отпан таудың басына 32 киіз үй тігілді. Мерекелік шараға бес мыңға жуық адам жиналып, «Ана жүрегі – мейірім мекені» атты аналар фестивалі өтті. Сондай-ақ театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, ұлттық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Амал мерекесі аясында «Цифрлық киіз үй» (Digital Nauryz) жобасы да іске асырылды. Бұл Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай ұйымдастырылған бастама. Жобаның мақсаты – цифрлық технологияны насихаттау, жастардың IT саласына қызығушылығын арттыру. «Цифрлық киіз үйде» 3D-баспа арқылы жасалған бұйымдар таныстырылды, VR-аймағында қонақтарға мектеп оқушылары әзірлеген Қазақ хандығы кезеңіне арналған интерактивті ойын ұсынылды.
Дәстүр бойынша, Отпан таудың басында «Бірлік оты» жағылды. Биыл символдық эстафета Тәзіке ата ұрпақтарынан Құнанорыс ұрпақтарына өтті.
Мерекеге жиналған ақсақалдар Амалдың ел ынтымағын арттыратын, қоғамдық келісімді нығайтатын ерекше күн екенін баса айтты.

14 наурыз күні мерекелік шаралар жалғасады. Бағдарламада аламан бәйге, топ бәйге, құнан бәйге, қазақша күрес, кір тасын көтеру, қол күресі сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, сондай-ақ түрлі мәдени іс-шаралар жоспарланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







