Қазақстандағы тұрғын үй нарығында сұраныс баяуласа да, бағаның өсуі жалғасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Halyk Finance сарапшылары баспана құнының көтерілуін ҚҚС реформасымен, жоғары инфляциямен және былтырғы жылдың төменгі базасымен байланыстырып отыр.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше
ақпан айында екінші нарықтағы баспананың шаршы метрі былтырмен салыстырғанда 14,3 пайызға, ал жаңа тұрғын үй бағасы 16,1 пайызға қымбаттаған. Пәтер жалдау ақысы да 11,7 пайызға өсіп, жылдық инфляция деңгейімен теңесті.
Сарапшылар сұраныстың төмендеуіне бірқатар фактор әсер етеді дейді. Олардың қатарында жылжымайтын мүлік нарығына салынатын ҚҚС-тың енгізілуі, ипотека шарттарының қатаңдауы («7-20-25» бағдарламасындағы өзгерістер, алғашқы жарна мен несиелеу мерзіміне байланысты сыйақы мөлшерлемесінің өзгеруі, үлескерлік құрылыс талаптарының күшеюі), сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеткіліктілік шегінің орта есеппен 10 пайызға өсуі бар.
Одан бөлек…
1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексі де сұранысқа кері әсер етуі мүмкін. Жаңа ережелер құрылысшыларға талапты күшейтіп, тұрғын үй сапасын арттырғанымен, бағаның одан әрі өсуіне себеп болуы ықтимал.
Ақпан айында жылжымайтын мүлік нарығында келісімдер саны бір жылда 5,5 пайызға, бір айда 1,2 пайызға төмендеді. Дегенмен Halyk Finance сарапшылары 2026 жылы нарық қайта қалпына келіп, өсу жалғасады деп болжайды.
Айта кетейік, наурыз айының ортасында Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы елдегі ипотекалық нарықтың шынайы жағдайдан алшақтап, тек мемлекеттік қолдауға тәуелді екенін мәлімдеген болатын. Осы себептен тұрғын үй бағасы мен халықтың сатып алу қабілетінің арасы алшақтап бара жатыр дейді сарапшылар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







