Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақордада өткен маңызды шараға Үкімет басшысы Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, әкімдер және Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін еліміз үшін тарихи күн болды.
– Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жаңа Конституция – ел тағдыры үшін қабылданған аса маңызды тарихи құжат.
– Конституция мемлекетіміздің ұзақ мерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі, – деді Президент.
Сондай-ақ ол жаңа Конституция қабылданған кешегі референдумға ерекше тоқталып өтті.
– Кеше ғана елімізде жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұртшылық жаппай белсене қатысты. Азаматтарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз бір кісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақтап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты, – деп атап өтті ол.
Өскелең ұрпақтың игілігі
Президенттің айтуынша, бұл референдум халықтың берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағының тағы бір дәлелі болды.
– Бұл орайда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына алғысымды айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұл референдумда жастардың белсенділігін ерекше атап өтті.
– Қазақстан жастарының ерекше белсенді болғанын атап өту қажет. Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсетті. Мұны заңды құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр. Бұған дейін де айттым, қазір де қайталаймын: еліміздің болашағы – жастарымыздың қолында! – деді Президент.
Конституция дала заңдарының бүгінгі жалғасы
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелеріне ерекше ризашылығын білдірді.
– Комиссия мүшелері өте ауқымды, тиімді жұмыс атқарып, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және серіктестігі аса маңызды екенін айқын көрсетті. Жалпыұлттық коалиция мүшелері де қажырлы қызмет етті. Олар жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұмысын ойдағыдай атқарды, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның еліміздің болашағы үшін маңызы зор екеніне тоқталып, оның мемлекетіміздің қуатты болуына септігін тигізетінін жеткізді.
– Жаңа Конституция көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі. Ата заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны. Конституциямыздың ең басты мақсаттары – жеріміздің тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғамдық әділет пен заң үстемдігін нығайтуға кепілдік беру, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Ата заңның қабылдануы – халқымыздың берекелі ауызбіршілігінің айқын нышаны екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







