Ақ үйде бунт басталды. АҚШ-тың жоғары лауазымды терроризмге қарсы өкілі Джозеф Кент Иранға қарсы АҚШ пен Израиль бастаған соғысқа наразылық білдіріп, қызметінен кетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ол отставка туралы хатында Иранның Америкаға жедел әрі тікелей қауіп төндірмегенін ашық мәлімдеді.
Ұлттық терроризмге қарсы орталықты басқарған Кент президент Дональд Трампқа жолдаған хатында Ирандағы соғысты ар-ожданына қарсы деп бағалаған. Оның сөзінше, Вашингтон әскери қимылға ұлттық мүддеден емес, Израиль мен АҚШ-тағы ықпалды лоббидің қысымынан барған.
Кент Трамп әкімшілігінен Иранға қарсы соғысқа бола кеткен алғашқы жоғары шенді шенеунік ретінде аталып отыр. Бұған дейін мұндай деңгейдегі ашық қарсылық байқалмаған.
Бұрын Green Beret арнайы жасағында қызмет етіп, бірнеше жауынгерлік миссияға қатысқан Кент хатында 2025 жылдың маусымына дейін Трамп Таяу Шығыстағы соғыстардың Американы әлсірететін тұзақ екенін түсінгенін еске салған. Оның пайымынша, кейін Ақ үй маңында соғысқа итермелейтін риторика күшейіп кеткен.
Дөкеңді кім адастырды?
Ол әкімшіліктің алғашқы кезеңінде Израильдің жоғары лауазымды тұлғалары мен америкалық медиадағы ықпалды топтар ауқымды ақпараттық науқан жүргізіп, America First ұстанымын әлсіреткенін жазған. Кенттің айтуынша, сол орта Трампты Иран АҚШ-қа таяу арада қауіп төндіріп тұр деген ойға сендіріп, тез жеңіске жетуге болады деген түсінік қалыптастырған.
Шенеунік мұндай уәжді жалған деп атады. Оның бағалауынша, дәл осындай тәсіл кезінде АҚШ Ирактағы апатты соғысқа тартылған. Ал оның салдары ел үшін мыңдаған адамның өмірі мен орасан шығынға ұласқан.
Кент хат соңында америкалықтарға еш пайда әкелмейтін соғысқа жаңа буынды жіберуді қолдамайтынын қадап айтқан. Оның ойынша, мұндай қадам америкалық сарбаздардың өмірімен ақталмайтын тәуекелге айналып барады.
Ал Иранда не болып жатыр? Бұған дейін әйгілі қытай көріпкелі «Ирандағы соғыс Трамптың түбіне жетеді» деп мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







