Иран соңғы екі аптада Парсы шығанағы елдеріне бағытталған соққылары арқылы Вашингтонға қысым көрсетіп, АҚШ-тың Тегеранға қарсы әскери әрекеттерін тоқтатуды көздеп отыр. Алайда сарапшы Тимур Сейітмұратов осы әрекеттер Иран күткеннен де мүлде басқа нәтижеге әкелуі мүмкін екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Саясаттанушы Тимур Сейітмұратовтың пікірінше, Иранның қазіргі стратегиясы Ньютоның үшінші заңын еске салады. Әрбір әрекетке кері реакция туындайды. Саясат әлемінде де физика заңдылықтары жиі көрініс табады. Осы тұрғыда, Иранның әрекеттері аймақтағы елдерді, керісінше, АҚШ-ты әскери операцияларды соңына дейін жеткізуге итермелеп отырғандай…
17 наурызда Reuters агенттігі Парсы шығанағы мемлекеттері енді Вашингтонға соғысты логикалық аяғына дейін жеткізу туралы ұсыныс жасап отырғанын хабарлады. Бұл елдердің билігі Иранның одан әрі экономикалық және азаматтық инфрақұрылымға қауіп төндіру қабілетінің сақталғанын қаламайды.
«Егер Иран қазір айтарлықтай әлсіремесе, ол бүкіл Таяу Шығысты, маңызды сауда жолдарын үнемі қысымда ұстайтын болады», – дейді аймақтағы жағдаймен жақсы таныс дереккөздер Reuters-ке берген сұхбатында. Тимур Сейітмұратовтың айтуынша, Иран 28 ақпаннан бері барлық «қызыл сызықтарды» аттап өтті.
– Тегеранның Парсы шығанағы елдеріндегі азаматтық нысандар мен энергетикалық инфрақұрылымдарға жасаған шабуылдары символдық сипаттан әлдеқайда асып түсті. Бұл елдердің басшылары Иранның шабуыл мүмкіндігін сақтап қалуы, болашақта кез келген шиеленісте өз елдерін нысанаға айналдыруға жол ашады деп алаңдауда, – дейді сарапшы.
Gulf Research Center басшысы Абдулазиз Сагер бұл жағдайды былайша сипаттайды:
– Алғашында біз соғысқа қарсы болдық. Бірақ олар тікелей бізге шабуыл жасай бастаған сәттен бастап, біздің қарсыласымызға айналды. Оларды басқаша сипаттау мүмкін емес, – дейді ол.
Иранның соңғы әрекеттері әуежайлар, порттар, мұнай терминалдарына жасалған шабуылдар. Мысалы, 16 наурызға қараған түні Дубай халықаралық әуежайы маңындағы жанармай қоймасына шабуыл жасалған. Бұл шабуылдар аймақтағы елдердің алаңдаушылығын арттырған. Дереккөздердің хабарлауынша, Парсы шығанағы елдерінің лидерлері арасында Иранның әскери мүмкіндігін мейлінше әлсірету туралы ортақ пікір қалыптасқан.
– Аймақ елдері басшыларының көңіл-күйі айқын. Дональд Трамп Иранның әскери қуатын түбегейлі әлсіретуі керек деген ұстаным басым болып тұр, – дейді Сейітмұратов.
Әзірге нақты бірлескен әрекеттер бойынша ортақ шешім қабылданған жоқ. Парсы шығанағы елдері ынтымақтастық кеңесі деңгейінде тек бір онлайн кездесу өткен. Дегенмен, Сауд Арабиясы Вашингтонмен кеңейтілген консультациялар жүргізіп жатыр.
Салман не деп еді?
Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы шиеленіс бұрыннан жалғасып келеді. 2015 жылдан бері Сауд Арабиясы бастаған араб елдерінің коалициясы Йеменде хуситтермен («Ансар Аллах») әскери қақтығыс жүргізуде. Бұл қақтығыс Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы аймақтық бәсекелестіктің бір бөлігіне айналған. Өйткені, хуситтер Ираннан қаржылық және әскери-техникалық көмек алып отыр.
2018 жылы наурызда Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман CBS арнасына берген сұхбатында Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеиді Адольф Гитлерге теңеген болатын.
– Ол (аятолла) Таяу Шығыста өз экспансиялық жобасын іске асырғысы келеді. Мұны Гитлердің жоспарына өте ұқсас әрекет деп айтуға болады. Көптеген елдер Гитлердің қаупін ол өз мақсатына жеткеннен кейін ғана түсінді. Мен Таяу Шығыста осындай жағдайдың қайталануын қаламаймын, – деген еді тақ мұрагері.
Сейітмұратовтың пікірінше, қазір Парсы шығанағы елдері АҚШ-пен бірге аймақтың әуе қорғанысын нығайту бойынша шараларды күшейтуде. Қазіргі таңда Иранның шабуылдарына ең көп ұшыраған елдер – Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Израиль, Бахрейн, Катар, Иордания, Сауд Арабиясы және Оман.
– Егер Иран шабуылдарын жалғастырып, мұнай объектілеріне, су тұщытатын қондырғыларына шабуыл жасаса, сондай-ақ үлкен адам шығыны болса, Сауд Арабиясы әскери қақтығысқа тікелей араласуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда Эр-Риядтың басқа амалы қалмайды, – дейді Абдулазиз Сагер.
Осылайша, Иранның қазіргі стратегиясы Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырып, керісінше, АҚШ пен оның аймақтағы одақтастарының шешімді әрекеттерге баруына жол ашуы ықтимал.
Айтқандай, Израиль қарулы күштері Иранның «Басидж» ерікті әскерінің басшысы, бригадалық генерал Голамреза Сулейманиді жойғанын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







