Ақ үй жанындағы Экономикалық кеңесшілер кеңесі жариялаған «Artificial Intelligence and the Great Divergence» атты баяндама әлемдік тәртіптің өзгеріп жатқанын айқын көрсетеді. Бұл құжат қарапайым талдау емес, АҚШ үкіметінің ресми ұстанымын білдіретін стратегиялық сигнал, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржыгер, экономист Алмас Шөкиннің айтуынша, аталған баяндама жасанды интеллекттің тек технологиялық құрал емес, ХХІ ғасырдың негізгі геосаяси факторы екенін ашық мойындайды. Шөкиннің пікірінше, «Ұлы дивергенция» ұғымы кездейсоқ таңдалмаған. Өнеркәсіптік революция кезінде әлем бай және кедей елдерге бөлінсе, енді жасанды интеллект дәуірінде жаңа бөлініс қалыптасуы мүмкін.
– Бұл жолы әлем тағы да екіге бөлінеді. Бірақ айырмашылығы байлар мен кедейлер емес, байлар мен өте байлар арасында алшақтық пайда болуы ықтимал, – дейді Алмас Шөкин.
Баяндамада келтірілген деректер де осы үрдісті нақтылайды. 2024 жылы АҚШ-та жасанды интеллектке салынған жеке инвестициялар көлемі 109 миллиард долларды құраған. Ал Қытай бұл бағытта 9 миллиард доллармен шектелген. Еуропалық одақтың он жылдық инвестициясы шамамен 50 миллиард доллар деңгейінде.
Шөкиннің айтуынша, бұл айырмашылық тек қаржы көлемімен шектелмейді. АҚШ қазіргі таңда жасанды интеллектке қажетті есептеу қуатының 74 пайызын бақылауда ұстап отыр. Тіпті Қытайдағы көптеген AI-модельдер америкалық технологияларға тәуелді.
– Бұл жерде тек технология емес, толыққанды экожүйе қалыптасып жатыр. Чип өндірушілер, дата-орталықтар, инвестициялық құрылымдар және одақтас елдер – бәрі бір стратегияға жұмыс істеп тұр, – дейді сарапшы.
«Pax Silica» блогы әлемді қалай өзгертеді?
Баяндамада көрсетілген тағы бір маңызды жайт, жасанды интеллекттің АҚШ экономикасына әсері. 2025 жылдың алғашқы жартысында ғана бұл сала елдің ІЖӨ өсіміне 1,3 пайыз қосқан. Мұндай ауқымды әсер XIX ғасырдағы теміржол құрылыстарымен салыстырылады.
Алмас Шөкиннің пікірінше, ең маңызды мәселе, бұл процестің табиғи емес, жоспарлы түрде жүріп жатқаны.
– Бұл еркін нарықтың өздігінен қалыптасқан нәтижесі емес. Бұл нақты стратегия. АҚШ жасанды интеллект саласында өз ықпалын күшейтіп, жаңа экономикалық блок құруда, – дейді ол.
Бұл блок шартты түрде «Pax Silica» деп аталады. Оның құрамына технологиялық компаниялар, чип өндірушілер және АҚШ-пен тығыз жұмыс істейтін мемлекеттер кіреді. Сонымен қатар Қытайға қатысты технологиялық шектеулер енгізіліп, Еуропаға америкалық чиптерді сатып алу міндеттеліп отыр.
Нәтижесінде осы жүйеге кірген елдер экономикалық өсім қарқыны бойынша басқа мемлекеттерден екі есе жылдам дамып келеді. Шөкиннің айтуынша, бұл жағдай әлем елдерінің алдында нақты таңдау қойып отыр.
– Мәселе тек технологияда емес. Әңгіме кім осы жаңа жүйенің ішінде болады, кім сыртында қалады дегенде. Қазір шешім қабылдамаса, кей елдер бұл жарыстан мәңгіге қалып қоюы мүмкін, – дейді ол.
Жасанды интеллект енді жай тренд емес. Ол жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыратын құрал. Ал қалған мемлекеттер үшін басты сұрақ – осы өзгерісті дер кезінде түсініп, өз орнын анықтау.
Ирандағы мұнай зауыттарында болған жарылыстардан кейін атмосфераға улы заттардың таралуы туралы ақпарат күшейді. Мұндай ластану салдары қышқыл жауынға (acid rain) әкеліп, оның әсері Орталық Азияға дейін жететінін айта бастады. Бұл құбылыстың біз үшін табиғатын, оның қаупін және ықтимал салдарын түсіну маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







