Қазақстан жалпы ішкі өнімнің сатып алу қабілеті паритеті бойынша әлемдегі ең ірі экономикалар рейтингінде 36-орынға жайғасты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұндай деректі Visual Capitalist талдау жобасы келтіріп отыр.
Есепке сай, аталған өлшем бойынша Қазақстан экономикасының көлемі шамамен 973 миллиард АҚШ долларына бағаланған. Ал әлемдік экономиканың жиынтық ауқымы 219,2 триллион долларға жеткен. Сарапшылар есебінше, соның тең жартысына жуығы Азия елдерінің үлесіне тиеді.
Сатып алу қабілеті паритеті бойынша әлемдік тізімнің басында Қытай тұр. Оның экономикасы 43,5 триллион долларға жуық деп көрсетілген. Екінші орында 31,8 триллион доллармен АҚШ орналасса, үшінші сатыға 19 триллион доллардан асқан Үндістан көтерілген.
Алғашқы ондыққа Ресей, Жапония, Германия, Индонезия, Бразилия, Франция және Ұлыбритания да кірген. Осы қатарда Қазақстанның 36-орыннан көрінуі ел экономикасының ауқымы халықаралық салыстыруда елеусіз емес екенін аңғартады.
Сингапурдан пен Бухерестің ортасында
973 миллиард долларлық көрсеткішпен Қазақстан Сингапур мен Румынияның арасына жайғасқан. Яғни ел экономикасы 988 миллиард долларға жеткен Сингапурдан сәл төмен, ал 949 миллиард доллар шамасындағы Румыниядан жоғары тұр.
Рейтингте Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланд, Колумбия және Оңтүстік Африка Республикасы секілді мемлекеттермен бір қатарда қарастырылған. Мұндай салыстыру елдің тек аймақтық емес, кеңірек халықаралық экономикалық ортадағы салмағын да аңғартады.
Халықаралық қаржы ұйымдары сатып алу қабілеті паритетін елдер экономикасын салыстырудағы неғұрлым дәл тәсілдердің бірі деп бағалайды. Себебі мұнда тек номиналды ақша көлемі емес, әр мемлекеттегі баға деңгейі де ескеріледі. Сол себепті мұндай әдіс экономиканың нақты қуатын тереңірек көрсетуге мүмкіндік береді.
Осы өлшем бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика мәртебесін сақтап отыр. Аймақ елдерімен салыстырғанда арадағы айырма да айтарлықтай.
Анықтама
Сатып алу қабілеті паритеті дегеніміз бірдей ақшаға әр елде қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатынын салыстыратын әдіс. Сондықтан мұндай көрсеткіш құр сандар жарысы емес, халықтың нарықтағы нақты мүмкіндігін және экономиканың шынайы көлемін бағалауға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







