Ұлыбританияның қорғаныс саласындағы алпауыт компаниясы BAE Systems Air Astana әуе компаниясындағы қалған акциясын толығымен сататынын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Британдық холдингтің еншісінде қазір Air Astana-ның 6,86 пайыз үлесі бар. Лондон қор биржасындағы (LSE) депозитарлық қолхаттардың сатылым бағасы әр данасына 5,1 долларды құрап отыр. Сарапшылардың пікірінше, нарықтағы қазіргі бағадан шамамен 15 пайыз төмен дисконтпен саудаланады. Әр депозитарлық қолхат төрт акцияға тең.
Сатып алушылар туралы әзірге нақты мәлімет жоқ. Дегенмен ірі институционалды инвесторлардың алатыны болжанып отыр.
Air Astana басшылығы британдық серіктестің кетуін BAE Systems стратегиясының өзгеруімен түсіндірді. BAE Systems 2001 жылдан бастап Air Astana-ның негізгі серіктестерінің бірі болғанымен, қазір қазақстандық компанияны маңызды актив ретінде қарастырмайды.
«BAE Systems енді бізді өзінің стратегиялық басымдықтарына жатқызбайды. Сондықтан акцияларын сату туралы шешім қабылдады. Дегенмен жаңа инвесторлар компания дамуының маңызды кезеңінде қосымша серпін береді деген үміттеміз», – деді Air Astana өкілдері.
Айта кетерлігі
2024 жылға дейін BAE Systems Air Astana-дағы екінші ірі акционер болды. Британдық компания үлесі 49 пайызға дейін жеткен. Алайда IPO-дан кейін компания өзінің үлесін қысқартып, 2025 жылдың желтоқсанында оны 16,95 пайыздан 6,86 пайызға дейін төмендеткен еді.
Қазіргі уақытта акциялардың 41 пайызы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі, ал 37,53 пайызы Лондон биржасында депозитарлық қолхат ретінде саудалануда.
BAE Systems бастапқыда Air Astana-ға 2001 жылы 10 млн доллардан аз инвестиция құйған. Сол кезде Қазақстанмен радиолокациялық жүйелер бойынша ірі келісімшартқа қол жеткізуді жоспарлаған болатын. Енді BAE Systems түбегейлі өзге басымдықтарға бет бұрғанын жариялап отыр.
Бұған дейін біз «Самұрықта» жаппай қысқарту жүретінін жазған едік. Қор басшысы күні бойғы уақытын кофе ішуге арнайтын керексіз кадрлар арылмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







