Алматыда Наурыз мерекесі қарсаңында экологиялық акциялар қарқын алып, қала аумағында кең көлемде көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңару күні аясында 400-ден астам ағаш отырғызылды. Ал жалпы мерекелік кезеңде 1000-нан астам көшет егілді. Бұл жұмыстарға коммуналдық қызмет өкілдерімен қатар еріктілер, студенттер, оқушылар және жергілікті тұрғындар белсенді қатысты.
Түрксіб ауданында Қонаев атындағы өндірістік кооператив аумағында 139 ірі жапырақты ағаш егілді. Әуезов ауданындағы №1 шағынаудан скверінде 30 көшет отырғызылды.
Наурызбай ауданында Абай даңғылы мен Әшімов көшесінің қиылысында 75 ағаш егілсе, Жетісу ауданындағы «Ратушный» скверінде 50 көшет отырғызылды. Алмалы ауданында Розыбакиев көшесінің бойында 20 ірі ағаш егілді.
Акцияға қатысушылардың бірі Ғалия Ермұханова ағаш отырғызумен қатар, оны күтіп-баптаудың маңызын атап өтті.
«Ағаш отырғызу – бастамасы ғана. Оны суарып, күтім жасап, зиянкестерден қорғау қажет. Бірнеше жылдан кейін нәтижесін көру – үлкен қуаныш», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қаланың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырады.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2025 жылы Алматыда 420 мыңнан астам жасыл желек отырғызылған. Оның ішінде 42 мың ағаш және 380 мың бұта бар.
Бұл жұмыстар қалада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жасыл кеңістікті кеңейтуге бағытталған жүйелі шаралардың жалғасы болып отыр.
Мереке қарсаңында халық жаппай азық-түлік сатып алып, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, мектептер мен балабақшаларға тағам апару дәстүрі де күшейеді. Осындай кезеңде уланып қалмаңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







