Хьюстонда өткен CERAWeek халықаралық энергетикалық конференциясы өтті. Осы шараға қатысқан ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов S&P Global компаниясының вице-төрағасы Дэниел Ергин маңызды кездесу өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлемдік энергетикалық нарықтағы қазіргі сын-қатерлер, жаһандық логистика бағыттарының өзгеруі және инвестициялық ағымдардың қайта бөлінуі кездесу барысында басты тақырыпқа айналды. Тараптар макроэкономикалық өзгерістердің халықаралық корпорациялар стратегиясына қалай ықпал ететінін кеңінен талқылады.
Қазақстан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдің халықаралық нарықтарды тұрақты түрде көмірсутекпен қамтамасыз етіп отырғанына тоқталып, бүгінде жаңа логистикалық дәліздерді дамытудың маңызы артқанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан үшін басты басымдық мұнай мен газды терең өңдеу және мұнай-газ химиясы саласына халықаралық капиталды тарту.
– Жаһандық жеткізу тізбектері өзгеріп жатқан уақытта Қазақстан энергетикалық ресурстардың сенімді және болжамды жеткізушісі болып қала береді. Біз америкалық және халықаралық серіктестеріміздің сенімін ел ішіндегі нақты технологиялық жобаларға бағыттауға дайынбыз. Әсіресе мұнай-газ химия кешенін дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз, – деді министр Ақкенженов.
Өз кезегінде энергетика саласындағы жетекші сарапшылардың бірі саналатын Дэниел Ергин Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы маңызы жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан өңірде тұрақтылықтың кепілі бола отырып, ұзақ мерзімді инвестицияларға қолайлы орта қалыптастырып отыр. Бұл халықаралық инвесторлар үшін сенімді әрі болжамды жағдай туғызады.
Контекст
Кездесу барысында тараптар дәстүрлі энергетика мен жаңартылатын энергия көздерін қатар дамыту – Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретін прагматикалық қадам екенін атап өтті.
Әсіресе, геологиялық барлау жұмыстарын күшейту, заманауи технологияларды тарту және өңдеу секторын дамыту нарықтағы сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігін сақтаудың негізгі шарты болып қала береді деген пікір білдірді.
Жиын соңында Ерлан Ақкенженов пен Дэниел Ергин жаһандық макроэкономикалық өзгерістерді талдау бойынша сараптамалық диалогты әрі қарай жалғастыруға уағдаласты. Бұл екі тараптың да халықаралық энергетика нарығындағы өзгерістерді терең түсінуіне және Қазақстанның осы саладағы рөлін нығайтуға септігін тигізбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







