Экс-премьер Әкежан Қажыгелдин активтерді қайтару науқанының соңы сұйылып кеткенін сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Новый газетаға» сұхбат берген Мағжанұлының пікірінше науқан бастапқы мәнінен ауытқып кеткен. «Ескі Қазақстанның» шағын қағамыз деген билік олигархтармен мәмілеге келіп, шынайы тергеу жүргізу ниетінен тайқыған.
Қажыгелдиннің сөзінше, заңды түрде жүргізілген халықаралық тергеудің көмегімен Назарбаев отбасының ондаған миллиард долларын небәрі алты ай ішінде Қазақстанға қайтаруға болатын еді. Бірақ Астана бұдан айнып қалған.
«Біз жақтан Қаңтардан кейін ұсынған заңның мақсаты елде азаматтық соғыс тудырмай, әділеттілікке жол ашу еді. Алдымен қаражаттың қайнар көзін анықтайтын әділ тергеу қажет болды. «Отбасының» уысындағы активтің шығу тегіне қатысты нақты айғағы болса, билік әулетке өткір-өткір сұрақ қояр еді. Алайда Назарбаев отбасына тиесілі капиталдың нақты ауқымы тергелмей, билік оны «достық келісіммен» шешуді таңдады», – дейді Қажыгелдин.
Әлиевтің көлігіндегі 50 млн еуро
Экс-премьер Назарбаевтың тұңғышы Дариға мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев заңсыз жолмен байығанын дәлелдейтін фактілерді Ақорда мен шетелдік құқық қорғау органдарына жолдаған екен. Сөзінше, атышулы Рахат Әлиев Австриядағы елші қызметінде жүргенде, қызметтік көлікпен 50 млн еуроны Лихтенштейін банкіне апарып, жеке шотына салған.
«Президент пен оның айналасы осы істерді асты-үстіне түсіріп ақтарса, бүкіл пирамиданың шайқаларын түсінді. Сондықтан тергеуден әдейі бас тартты. Тимур мен Дариғаның тонау масштабы тіпті сұмдық. Біз ұсынған проект әулеттің ондаған миллиард долларын жеті қат жер астынан суырып алар еді. Бірақ билік бұған мүдделі болған жоқ. Есесіне «ескі Қазақстанмен» келіссөз жүргізіп кетті. Қайрат Сатыбалдыдан 2 миллиард долларды қайтарып, оны түрмеден босатқанмен, Құлыбаевпен мәміле әлі жалғасып жатыр», – деп түйіндеді ол.
Сұхбат барысында Қажыгелдин қазіргі үкімет құрамының бұрынғы кадрлардан арылмағанын сынға алды. Айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін жаңа саяси элита қалыптасуы керек еді, ескі жүйенің шенеуніктері реформаларды әлі күнге дейін тежеп отыр.
Осы орайда Қажыгелдин Президентке елмен ашық әрі тікелей диалог орнатуды ұсынды:
«Халықтың көзіне тіке қарап, ашық Zoom-конференция арқылы нақты балама реформаларды талқылау керек. Қазір ең қажет шара кедейлікпен күресу».
Пікірінше, қазіргі биліктің ең басты кемшілігі шешуші сәтте нақты әрекеттен бас тартып, мәселені келісіммен бүркемелеуге бейімдігінде. Ал оның салдары ұрланған миллиардтардың офшырда қалуы, билік айналасындағы жемқорлықтың жалғасуы және қарапайым халықтың тұрмысының түзелмеуі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







