Салық дауы жөніндегі танымал заңгер Айжан Балакешова жаңа Салық кодексі төңірегіндегі талқыға баға беріп, бизнеске де, Үкіметке де қатар шүйлікті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, салық реформасы маңындағы ресми әңгіме әзірге мазмұннан гөрі көпірме сөзге көбірек ұқсап тұр.
Заңгер сөзін салық төлеуді ерлікке балаудан бастады. Оның пайымынша, салық төлеу мақтанатын жетістік емес, конституциялық міндет. Бірақ ол талапты тек кәсіпкерге ғана емес, шенеунікке де қойды. Балакешова ыңғайлы сервистік жүйе қалыптастыруды биліктің «бизнеске жасаған жақсылығы» емес, тікелей қызметтік міндеті деп атады. Сол себепті Үкіметтің екінші қатардағы есептерді алып тастауды үлкен қамқорлықтай етіп көрсетуі оған сенімсіз көрінеді.
Айжан Балакешова проектік кеңседегі қазіргі талқыларды ашық сынады. Оның сөзінше, импортталатын жанармайға қатысты қандай да бір есепті қысқарту секілді мәселе қағаз жүзіндегі ұсақ шаруа ғана. Ал шын мәнінде салық саясатындағы ірі тесік мүлде басқа жерде жатыр.
Соған қарамастан….
Ол қосылған құн салығының 16 пайызға өсуін дау қылмады. Керісінше, Қазақстан 12 пайыздық мөлшерлемемен ұзақ жүргенін, посткеңестік кеңістіктегі өзге елдермен салыстырғанда мұның өзі жеңілдік болғанын еске салды. Оның ойынша, 4 пайыздық өсім аса апатты шешім емес.
Бірақ негізгі түйткіл мөлшерлемеде емес, экономиканың нақты құрылымында жатыр. Заңгердің сөзінше, бүгінде Қаржы министрлігі де, Ұлттық экономика министрлігі де ел ішіндегі нақты ақша айналымын толық көріп отырған жоқ. Шенеуніктер тек есепте тұрған қаржыны біледі, ал көлеңкелі айналым мен бизнесті бөлшектеу нарықтың тірі реакциясына айналып кеткен.
Балакешова мұны тікелей ҚҚС шегінің төмендігімен байланыстырды. Оның айтуынша, оңайлатылған режимдегі шекті межені 2,5 миллиард теңгеге дейін көтеру бизнестің бір бөлігін көлеңкеден шығаруы мүмкін еді. Алайда Үкімет артынша шегерім тетігін шектеп, «ашылған терезені қайта жапты». Соның салдарынан кәсіпкерлер бизнесті тағы да бөлшектеуге мәжбүр болды.
Заңгер мұндай қадамды бизнеске жабылатын кінә емес, аман қалудың амалы деп бағалады. Оның сөзінше, пластик терезе орнататын шағын кәсіпкерді ірі корпорациямен бірдей режимге салып, бірдей есеп пен бірдей ауыртпалық талап ету ақылға сыймайды.
Бұдан бөлек
Балакешова арнайы экономикалық аймақтарға да шүйлікті. Ол жеңілдікпен отырған резиденттерге қатаң аудит жүргізуді ұсынды. Заңгердің айтуынша, кей компаниялар корпоративтік табыс салығы мен ҚҚС бойынша артықшылықты пайдаланып, арнайы аймаққа мүлде қатысы жоқ қызмет арқылы миллиардтарды айналдырып отыр. Тіпті кей резиденттердің өзі әділ ереже орнаса, 3-5 пайыз болса да салық төлеуге дайынбыз деп отырғанын мысалға келтірді.
Оның пайымынша, әділет деген базарда балық сатып отырған әйел де салық төлесе, арнайы аймақта бағдарламалық өнім жасап отырған IT-компания да қазынаға өз үлесін қосуы. Ақшасы бар болса, бәрі ортақ тәртіпке бағынуға тиіс.
Сөз соңында заңгер реформаның техникалық олқылығына да тоқталды. Айтуынша, ҚҚС-тың 12 пайыздан 16 пайызға күрт өсуі лизинг компанияларын қиын жағдайға қалдырған. Ескі келісімшарттар бойынша олар шамамен 4 пайыз пайдасынан айырылып отыр. Ал ол шығын түптің түбінде халыққа көрсетілетін қызмет бағасына қосылады.
Сондай-ақ Балакешова оңайлатылған режимдегі жеке кәсіпкерлерді қайталанатын есептен құтқаруды ұсынды. Оның пікірінше, 200 және 910 формаларын қатар тапсыру артық әкімшілік қысым.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







