Қазақстандықтар алдағы уақытта зейнетақы қорындағы қаражатын түгелдей жеке компанияларға сеніп тапсыра алады. Мұндай бастаманы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов көтерді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір азаматтарға зейнетақы жинақтарының тек жартысын, 50 пайызын ғана жеке басқарушы компанияларға өткізуге рұқсат берілген. Агенттік осы шектеуді алып тастап, толықтай (100 пайыз) жеке басқаруға беруді тиімді деп санайды.
«Қолданыстағы тәртіп салымшылардың мүмкіндіктерін шектейді. Азаматтарға жинақтарын толық жеке басқаруға беру құқығын ұсынған жөн. Жеке компанияларға ауысу міндетті емес, азаматтардың еркімен жүзеге асады», – деді Тұрсынханов.
Зейнетақы активтерін басқаруға тек тәжірибелі, сенімді инвестициялық компанияларға (УИП) ғана рұқсат етілмек. Агенттік төрағасының орынбасарының пікірінше, зейнетақы активтерін мемлекеттік емес секторға беру қаржы нарығына серпін беріп, экономикаға оң әсер етеді.
«Қауіп-қатер тұрғысынан Ұлттық банк пен жеке инвестициялық компаниялардың мүмкіндіктері шамалас. Сондықтан азаматтар үшін тәуекел деңгейі артып кетпейді», – деп сендірді ол.
Тағы бір аргумент
Бұл қадам Қазақстан қор нарығының да дамуына септігін тигізуі мүмкін. Өйткені 2014 жылы жеке зейнетақы қорларының біріктірілуінен кейін қаржы нарығының белсенділігі төмендеген еді. Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қаражатты көбіне мемлекеттік құнды қағаздарға салатындықтан, бизнес өкілдеріне қор нарығынан емес, банктік несие алу тиімдірек болып тұр.
Алайда қазіргі кезде салымшылар зейнетақы жинақтарының жартысын ғана жеке компанияларға бере алатындықтан, жеке басқару механизмі аса танымал бола қойған жоқ. Оның үстіне жеке басқарушылар да қаражатты консервативті тәсілдермен инвестициялауда. Сондай-ақ жинақты жеке басқаруға берген қаржы зейнетақы шотындағы жеткіліктілік шегін есептегенде ескерілмейді.
«Шектеулерді алып тастау арқылы қор нарығының тартымдылығын арттырып, зейнетақы жинақтарының кірісін ұлғайтуға мүмкіндік туады», – деді Тұрсынханов.
Қазір осы ұсыныс парламент қабырғасында талқыланып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







