Қазақстанда 1 шілдеден бастап несие беру тәртібі өзгеріп, банктер қарыз алушының төлем қабілетін бұрынғыдан да қатаң бағалайтын болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа ережелер бойынша азаматтардың қарыз алу мүмкіндігі олардың ресми табысына тікелей байланысты болады. Банктер енді қарыз алушылардың табысы мен борышын екі негізгі көрсеткішпен бағалайды. Олар қарыз жүктемесі коэффициенті (КДН) және борыштың табысқа қатынасы коэффициенті (КДД).
Қарыз жүктемесі коэффициенті (КДН) азаматтың қазіргі уақытта табысының қанша бөлігін несие мен басқа да міндетті төлемдерге жұмсайтынын көрсетеді. Көрсеткіш жоғары болған сайын, жаңа несие алу ықтималдығы төмендейді.
Ал КДД көрсеткіші жаңа несиені төлеу адамның қаржылық жағдайына ауыр салмақ салмай ма деген сұраққа нақты жауап береді. Басқаша айтқанда, банк қарыз алушының қолданыстағы несиелеріне қанша ақша жұмсап отырғанын және жаңа несиені өтеуге қаншалықты қабілетті екенін есепке алады.
Жаңа ереженің тағы бір маңызды талабы – табысты міндетті түрде ресми түрде растау қажеттігі. Банктер енді табысты бағалау кезінде зейнетақы аударымдары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәліметтерді негізге алады. Демек, тұрақты, ресми және расталған табысы бар азаматтардың несие алудағы мүмкіндігі айтарлықтай артады.
Бұл талаптар бірінші кезекте табысы ресми түрде расталмаған азаматтарға әсер етпек. Оларға «конвертпен» жалақы алатындар, еңбек шартысыз жұмыс істейтіндер және тұрақты табысы жоқ азаматтар жатады.
Жаңа ережелерді енгізудің басты мақсаты банктер мен қарыз алушыларға түсетін қаржылық тәуекелдерді азайту. Бұған дейін қазақстандықтар нақты табысын ескермей несие алып, нәтижесінде борыштық ауыртпалықты көтере алмай қалған жағдайлар жиі кездескен еді. Осы мәселенің алдын алу үшін енгізіліп жатқан жаңа тәртіп кредит нарығын тұрақтандыруға септігін тигізеді.
Бүгінде Қазақстанда қарыз алуға белгілі бір шектеулер бар. Бірақ алдағы 1 шілдеден бастап бұл талаптар нақтырақ, икемдірек болмақ. Яғни, банктер клиенттің қаржылық жағдайына бұрынғыдан да мұқият мән беріп, әр қарыз алушының жағдайын жеке-жеке саралайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда несие беруде «жауапты кредиттеу» принципі енгізіліп, сондай-ақ қарыз алушыға алаяқтық схемалардан сақтануға мүмкіндік беретін «ойлану кезеңі» бекітілген еді. Жаңа ережелер осы шаралардың жалғасы ретінде несие беру процесін одан әрі жетілдіре түспек.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде ұстап тұру туралы шешімі ел экономикасындағы тұрақсыздықтың әлі де сейілмегенін аңғартатынын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







