Сенат пен Мәжіліс палаталардың бірлескен отырысында Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қабылдады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді құжат президенттің қол қоюына жіберіледі.
Жаңа заң Алатауда бөлек экономикалық әрі басқару жүйесін қалыптастыруды көздейді. Қала енді өзіндік қаржы моделі, арнайы салықтық жағдайы және тың әкімшілік құрылымы бар дербес экожүйе ретінде қарастырылады.
Құжатқа сай, Алатаудағы ең жоғары басқару органы Қала кеңесі болады. Ол шаһардың стратегиялық даму бағытын айқындап, мемлекеттік органдар жұмысын үйлестіреді. Кеңес құрамын президент бекітеді, ал оған премьер-министр төрағалық етеді.
Негізгі атқарушы орган ретінде Әкімшілік құрылмақ. Ол мемлекеттік қор нысанындағы мемлекеттік орган ретінде жұмыс істейді. Әкімшілікке кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды реттеу және инфрақұрылымдық өсімді үйлестіру құзыреті беріледі. Соған қарамастан, дәстүрлі әкімдік құрылымы да сақталады.
Заң жобасы Алатаудың өз актілерін қабылдауына жол ашады. Әңгіме инвестициялық қатынас, кәсіпкерлік, қала құрылысы және цифрлық әкімшілендіру салалары жөнінде болып отыр. Яғни Алатау бір қала аясында сыналатын жаңа басқару алаңына айналғалы тұр.
Қала әкімінің рөлі де өзгереді
Ол енді классикалық саяси фигурадан гөрі сити-менеджер міндетін атқарады. Яғни бұрынғыдай стратегиялық бағытты өзі айқындамайды, керісінше, алдын ала қабылданған шешімдердің орындалуына жауап береді. Ал дамудың ұзақ мерзімді жолын Қала кеңесі қазақстандық және халықаралық мамандарды тарта отырып белгілейді.
Сөйтіп, Алатау Қазақстандағы әдеттегі әкімшілік модельден бөлініп, ерекше тәртіппен басқарылатын жаңа аумаққа айналуға жақындап тұр. Бұл қадам ел ішінде жаңа экономикалық эксперименттің басы ретінде де қабылдануы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







