Алматыдағы үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін депутат Бақытжан Базарбек пен сенатор Марат Қожаевтың арасында құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты пікір қайшылығы туындады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін Бақытжан Базарбек Ішкі істерде ауқымды тазалау жүргізу қажеттігін айтып, полицияны лауазымды тұлғалар мен бай-бағландардың бала-шағасын қорғап-қолдап отыр деп айыптаған еді.
Ал Сенат депутаты әрі Ішкі істердің бұрынғы басшысы Марат Қожаев әріптесінің сынымен келіспейтінін ашық жеткізіп, Базарбекке өткір жауап қайтарды.
«Әріптесім депутат Базарбектің эмоционалды мәлімдемеге әуес екенін жақсы білесіздер ғой. Мүмкін ол ішкі істер саласын жетік білетін маман шығар, осы салаға өмірінің сүбелі уақытын арнаған болар… Бірақ мен құқық қорғау қызметкерлерін тұтас қаралап, жаппай кінәлауға қарсымын. Өзім қызмет атқарған ішкі істер органдарында да адал, ар-намыспен қызмет етіп жүргендер көп. Олардың басым көпшілігі өз антына берік, жауапкершілікпен жұмысын атқаруда», – деді Қожаев Парламент дәлізінде.
Оның сөзінше, полиция қызметкерлері талай жағдайда халыққа көмек қолын созып, қиын сәттерде құтқарып жүр. Сондықтан барлығын бірдей сынап-мінемей, әр істің әділ бағасын беру керек дейді сенатор.
«Полицейлерді арнайы бір инкубаторда өсірмейміз. Олар да өзіміздің қарапайым отбасыларымыздан шығады, сол мектептерде оқып, университеттерімізді бітіреді. Кез келген адам секілді мамандық таңдайды, бірақ кейбірі таңдаған кәсібіне сай болмай шығып, құндылықтарын шатастырып алуы мүмкін», – деді ол.
Сонымен қатар, Қожаев жол ережесін өрескел бұзатындарға қатысты жазаны қатайту керектігін айтты. Мысалы, мұндай тәртіп бұзушыларға айыппұлды жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін алып тастау керек деген ұсыныс жасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







