Қазақстанда жанармай бағасының болашағы бұлыңғыр. Сарапшы Олжас Байділдиновтың айтуынша, қазіргі төмен бағамен сатылып жатқан АИ-92 маркалы бензиннің шығынын жоғары сұрыпты бензинді (АИ-95 және АИ-98) сатып алушылар жауып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бүгінгі күні нарықта АИ-92 бензині литріне орташа есеппен 235 теңгеден сатылса, АИ-95-тің литрі – 320 теңге. Баға айырмашылығы 36%. Сарапшы мысал ретінде көрші Ресейде осы айырмашылық 7-10%, БАӘ-де тіпті 3-5% шамасында екенін атап өтті.
«Экологиялық таза әрі экономикалық тиімді көліктердің иелері артық төлеуге мәжбүр. Олар не үшін АИ-92 маркасынан келген шығынды өтеуі керек?» – дейді Байділдинов.
Оның пікірінше, жанармай бағасын төмен ұстап тұрудың қазіргі моделі тиімсіз болып қалды. Проблемалар көптен бері жиналып келеді. Ендігі жерде нарықты реттеу арқылы тепе-теңдікті ұстап тұру қиын.
Еліміздің оңтүстік аймақтарында жанармай тұтыну көлемі күрт артқанымен, Шымкент мұнай өңдеу зауыты осы қажеттілікті толық өтей алмай отыр. Жетпеген жанармай Атырау МӨЗ-нен тасымалданады, ал теміржол тарифі 1,8 есеге 36 мыңнан 64 мың теңгеге дейін көтерілген. Оның үстіне алда ҚТЖ тарифтерінің тағы 38%-ға өсуі жоспарланған.
Байділдинов бағаны реттеу бойынша үш түрлі сценарийді атап өтті
Бірінші – мораторий мерзімін жаз соңына дейін ұзарту.
Екінші – шикі мұнайдың көтерме бағасын түсіру. Бірақ қазірдің өзінде өндірушілер ішкі нарыққа мұнайды баррелін 20-25 доллардан сатып отыр. Ал мұнай өндірудің өзіндік құны 40 долларды құрайды және жыл сайын кен орындарының қоры таусылуда.
Үшінші – жанармайдың бөлшек саудадағы бағасын еркіне жіберу. Алайда әр литрге 10 теңгеге қымбаттату қазіргі шығындарды ғана жабады. Тарифтердің алдағы өсуіне тосқауыл бола алмайды.
«Бағаны тұрақтандыру саясатының әлеуметтік мәні болғанымен, ол кезең аяқталды. Ресейде бензин бағасы инфляция деңгейінде немесе одан да жоғары қарқынмен өссе, бізде инфляция жанармай бағасының өсімінен әрдайым жоғары болды», – деді сарапшы.
Сондай-ақ…
Ол Қазақстанның ішкі нарығы әлі күнге дейін Ресейден тасымалданатын жанармайға тәуелді екенін, тапшылықтың күн өткен сайын артып келе жатқанын атап өтті. Шымкент МӨЗ-нің қуатын кеңейту немесе төртінші мұнай өңдеу зауытын салу қазірше мүмкін емес. Өйткені елде бұған жеткілікті мұнай қоры жоқ.
«Егер ішкі нарыққа мұнай жеткізілсін десек, әлемдік бағаға көшу керек немесе ТШО, КПО, NCOC сияқты ірі мұнай өндіруші консорциумдар мұнайды ішкі нарыққа беруі тиіс», – деп қорытты Байділдинов.
Оның айтуынша, әлемдік нарықтағы қазіргі мұнай бағасының ішкі нарықтағы жанармай бағасының өсуіне еш қатысы жоқ. Мәселе ішкі нарықта жиналған шығындардың қайтадан шегіне жеткендігінде
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







