Қазақстандағы шағын және микробизнес субъектілеріне салық қарыздарын өсімпұлсыз өтеуге санаулы күн қалды. Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлер үшін ерекше акция жариялап, оған қатысу шарттары да жеңілдетілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Комитет төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың айтуынша, салықтық рақымшылыққа қатысу үшін кәсіпкерлер ешқандай құжат жинап, арыз жазудың қажеті жоқ.
«Барлығы өте қарапайым: егер бизнес субъектісінде 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін салық қарызы болса, 31 наурызға дейін сол қарыздың негізгі сомасын төлесе жеткілікті. Осыдан кейін есептелген өсімпұлдар толықтай автоматты түрде жойылады», – деп түсіндірді комитет өкілі.
Сонымен бірге, негізгі қарызды төлегеннен кейін кәсіпкерлердің бұғатталған банктік шоттары келесі жұмыс күні бірден ашылады. Қосымша есеп немесе растайтын құжаттар тапсыру талап етілмейді.
Ресми дерекке сәйкес, бүгінде Қазақстанда 67 мың шағын және микробизнес субъектісінің бюджет алдындағы жалпы берешегі 273 млрд теңге. Оның ішінде негізгі қарыз сомасы 176 млрд теңге, өсімпұл 90 млрд теңге, ал айыппұл 6,5 млрд теңге.
Егер кәсіпкерлер ай соңына дейін негізгі қарыздарын толық өтесе, мемлекет жалпы сомасы 96,5 млрд теңге болатын өсімпұлды кешіруге дайын.
Дегенмен…
Мамандар акция екі санатқа ғана қатысты екенін ескертеді. Біріншіден, шара тек шағын және микробизнес субъектілеріне арналған. Екіншіден, жеке тұлғалардың жер, мүлік салықтары сияқты төлемдеріне қатысы жоқ.
«Акция мерзімі 31 наурызбен аяқталады. Осы күннен кейін кәсіпкерлер негізгі қарызды да, барлық өсімпұлдар мен айыппұлдарды да толық өтеуге міндеттеледі», – деп еске салады комитет өкілдері.
Осы орайда кәсіпкерлерге жеке кабинеттері мен банктік қосымшалар арқылы қарыздарын тексеріп, айдың соңына дейін төлемдерді уақытылы жасауға кеңес берілді. Сонда жаңа тоқсанды бұрынғы берешектен құтылып, таза парақтан бастауға мүмкіндік туады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







