1 сәуірден бастап «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бойынша екінші тоқсанның жаңа лимиттері ашылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Биылғы жылға жалпы бөлінген 100 млрд теңгенің екінші тоқсанға қарастырылған 25 миллиарды банктерге сәуір, мамыр және маусым айларына үлестіріледі. Әр тоқсан сайын дәл осындай көлемде қаржы бөлінеді.
Бағдарламаның екінші тоқсанына арналған лимиттер автоматты түрде 1 сәуірден бастап іске қосылады. Сарапшылар ипотека рәсімдегісі келетін азаматтарға өтінішті мүмкіндігінше ерте беруге және қабылдау мерзімін өздері қадағалауға кеңес береді. Өйткені қаржыландыру көлемі шектеулі және кредит өтініш берушілердің кезегі бойынша үлестіріледі.
Бағдарламаның операторы – Қазақстанның орнықтылық қоры. Қазіргі кезде «7-20-25» ипотекасын мына жеті банк арқылы рәсімдеуге болады:
- Банк ЦентрКредит
- Halyk Bank
- Freedom Bank
- ForteBank
- Bank RBK
- Еуразиялық банк
- Altyn Bank
«7-20-25» бағдарламасының негізгі шарттары былтырғы күзде жаңартылған болатын. Жаңа тұрғын үйдің бағасы бойынша шектеулер келесідей белгіленген:
- Алматы, Астана, Ақтау, Атырау және Шымкент үшін – 30 млн теңгеге дейін;
- Қарағанды үшін – 25 млн теңгеге дейін;
- Өзге өңірлер үшін – 20 млн теңгеге дейін.
Ипотекалық несие бойынша қойылатын негізгі талаптар мыналар:
- Несие ставкасы – жылына 7%;
- Алғашқы жарна – 20%-дан басталады;
- Несие мерзімі – 25 жылға дейін;
- Өтініш беруші мен оның жұбайының соңғы 18 айда баспанасының болмауы;
- Басқа ипотекалық несиенің болмауы;
- Тек жаңа, пайдалануға берілген тұрғын үй ғана сатып алынады («екінші деңгейдегі нарық» пен үлестік қатысуға рұқсат жоқ).
Бағдарламаға Қазақстан азаматтары тек бір рет қана қатыса алады.
Айта кету керек, лимиттің ашылуы ипотеканың берілуіне кепілдік бермейді. Өйткені өтініштер кезек тәртібімен қаралады, ал кейбір азаматтар осы тоқсанда үлгермеуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







