Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарды долларды негізгі жинақ құралы ретінде қабылдаудан бас тартып, ұлттық валютаға сенім артуға шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Тимур Сүлейменов әлі күнге дейін көптеген азаматтардың өзгерген экономикалық жағдайға қарамастан, долларға тәуелді болып отырғанын атап өтті.
«Менің таныстарымның арасында 2022 жылы долларды 550 теңгеден сатып алып, әлі ұстап жүргендер бар. Долларды жинақтаудың құралы ретінде қарауды қою керек. Қазір доллар қаражатты сақтауға ыңғайлы құрал емес», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, Қазақстанда қаржыны сенімді сақтап, тиімді көбейтудің басқа да жолдары бар.
«Бізде теңге бар, мобильді қосымшалар арқылы депозит ашуға болады. Сондай-ақ, толыққанды жұмыс істеп тұрған қаржы нарығы бар бұл KASE биржасы және АХҚО. Квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары мен Қаржы министрлігінің бағалы қағаздары тәуекелі төмен, табысы жоғары сенімді құралдар», – деді ол.
Девальвацияның дәуірі келмеске кетті
Сүлейменов елде күрт девальвация мен гиперинфляция дәуірінің өткенін атап өтті.
«Доллардың ақшаны сақтаудың негізгі құралы саналатын заманы өтті. Біз Қазақстанда тұрамыз, ақшаны теңгемен табамыз және теңгемен жұмсаймыз. Шетел валютасы тек шетелге шығатын кезде ғана керек», – деді Ұлттық банк басшысы.
Ол ұлттық валютаның тұрақтылығы азаматтардың сеніміне тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті.
«Өз валютамызға қаншалықты сенімді болсақ, соншалықты ол да тұрақты болады», – деді ол.
Сонымен қатар, Тимур Сүлейменов өзінің жеке жинақтарының басым бөлігі теңгемен сақталғанын жеткізді.
«Шетел валютасында аздаған депозитім бар, бірақ жинақтың негізгі бөлігі ұлттық валютада», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ұлттық банктің бұған дейін берген түсіндірмесіне сәйкес, доллар бағамының төмендеп, теңгенің нығаюына экспорттық түсімдердің артуы, әсіресе мұнай бағасының өсуі әсер еткен. Қазіргі таңда ел экспортының 50 пайыздан астамын мұнай құрайды. Ұлттық банк теңгенің тәуекелі мен табыстылығы тұрғысынан тартымды валюта болып қала беретінін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







