Қазақстанда бензин мен дизель бағасын ұстап тұруға бағытталған мораторий 1 сәуірден бастап өз күшін жойды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл шектеу былтыр қазан айынан биылғы 31 наурызға дейін күшінде болды. Осы аралықта АИ-92 маркалы бензин литріне 213-239 теңге, дизель отыны 317-337 теңге көлемінде бекітілген болатын.
ENERGY MONITOR арнасының сарапшыларының пайымдауынша, мораторий мерзімі аяқталғанымен, мемлекет бағаның күрт көтерілуіне жол бермейді. Сарапшылар бензиннің литріне айына шамамен 1 теңгеге ғана қымбаттап, біртіндеп өсуін болжайды.
Энергетика министрлігі де жанармай нарығындағы баға еркін қалыптасатынын еске салды. Дегенмен халық мүддесін қорғау мақсатында үкімет бағаның күрт және негізсіз өсуіне тосқауыл қоятынын жеткізді.
1 сәуір күні таңертең еліміздің ірі қалаларындағы жанармай бекеттерінде АИ-92 бензинінің бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ. Мәселен, Астанада бұл бензин литріне 237-238 теңге, Алматыда 237-239 теңге шамасында сатылып жатыр. Ал Шымкентте ең төмен баға сақталып, бір литр бензин 221-225 теңгеден ұсынылуда.
Сарапшылардың айтуынша, Шымкенттегі жанармайдың арзан болуы қалада мұнай өңдеу зауытының орналасуымен байланысты. Жалпы нарық бірте-бірте еркін баға қалыптастыруға көшеді, бірақ 1 сәуірден бастап бір мезеттік күрт қымбаттау болмайды деп күтілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







