Алматыда наурыз айының ортасында ұсталған саясаткер Санжар Боқаевқа аса ірі көлемде қаржы жымқыру және тал-теректі заңсыз отауды ұйымдастыру баптары бойынша айып тағылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің айтуынша, Боқаевтың іс-әрекеттері оның ұлттық компанияда қызмет істеген кезеңімен байланысты болып отыр.
«Оған алаяқтық жолмен аса ірі көлемде ақша жымқыру және орманды заңсыз кесуді ұйымдастыру бойынша айып тағылуда. Тергеу аяқталған соң, барлық мән-жайды толық ашып көрсетеміз», – деді Өтегенов.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Прокуратура өкілі тергеу барысында куәгерлер мен айғақтар, сараптама қорытындылары жан-жақты зерделенетінін айтты. Өтегенов істің сотта ашық қаралуына прокуратура тарапынан ешқандай кедергі жоғын да жеткізді.
«Қылмыстық іс сотқа түскеннен кейін тараптардың пікірі ескеріліп, шешім қабылданады. Бас прокуратура істі ашық түрде қарауға қарсы емес», – деді ол.
Еске сала кетейік, Санжар Боқаев 2026 жылдың 18 наурызында ұсталған болатын. Ол бұған дейін 2015-2018 жылдары «ҚазТрансГаз» компаниясында кеңесші болып қызмет атқарған.
Бұған дейін…
Танымал журналист Гүлжан Ерғалиева «Санжардың АҚШ-тан оралуы бекер емес» деген болжам жасаған.
Ерғалиева саясаткердің Дариға Назарбаеваның және оның бұрынғы күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың қасында кеңесші қызметін атқарғанын еске салған-тұғын. Шәріпбаев басшылық еткен «ҚазТрансГазда» кейінірек ірі жемқорлық схемалары әшкереленген еді. Осыған байланысты Боқаев Назарбаева әулетінің былықтарына тікелей қатысы болуы немесе олардан хабардар болуы ықтимал деген пікір бар.
«Боқаев стратегиялық фигура емес, бірақ ол Назарбаеваның айналасындағылар туралы маңызды ақпарат көзі болуы мүмкін. Сондықтан АҚШ-тан Қазақстанға оралды, себебі оған келісімге келу ұсынысы түскен…», – деген еді Ерғалиева.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







