Орал қаласында тарихи әрі табиғи маңызы ерекше «Хан тоғайы» заманауи экопаркке айналады. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Кеңес жұмысына облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілепберген Каюпов селекторлық режимде қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысында экологиялық бағытта жүйелі жұмыстар іске асырылуда. Атап айтқанда, өткен жылы облыс бойынша 242 мыңнан астам ағаш отырғызылса, биыл бұл көрсеткіш 47,2 мың көшетпен толықтырылады. Сонымен қатар, су ресурстарын үнемдеу мақсатында алқап көлемі 11 713 гектарға жеткізіліп, былтырғымен салыстырғанда 25%-ға ұлғайды.
Заманауи технологияларды қолдану арқылы экологиялық ахуалды жақсартуда өңір көш басында келеді. Облыста 27 мыңнан астам SCADA датчигі орнатылып, қайта өңделетін шикізатты қабылдайтын үш заманауи пункт іске қосылды.
Тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында 74 мың оқушыға дәріс оқылып, «Экобалабақша» жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ «Taza Qazaqstan» телеграм-ботының іске қосылуы халықпен кері байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда бұл жүйе арқылы келіп түскен 658 өтінімнің басым бөлігі оң шешімін тапқан.
Кеңесте өңірдің туристік әлеуетін дамыту мәселесі де қарастырылды. 2025 жылы облысқа келген туристер саны 38 мың адамнан асып, оларға көрсетілген қызмет көлемі 3,6 млрд теңгені құраған. Бүгінде облыста 6 туроператор мен 45 турагенттік белсенді қызмет көрсетуде.
2027 жылға дейін жалпы құны 17 млрд теңгені құрайтын 7 ірі туристік жобаны жүзеге асыру көзделуде. Былтырдың өзінде «West Plaza» кешені мен Ақсай қаласындағы жаңа қонақ үй пайдалануға берілді. Логистикалық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 4 теміржол бекеті мен «Сырым» шекара бекеті жаңғыртылып, 36 шақырым автожол жөнделді.
Өңірдің туристік тартымдылығын арттырудың басты жобаларының бірі – алаңы 259,4 гектарды құрайтын «Хан тоғайы» экопаркінің құрылысы. Аталған парк ағымдағы жылдың қазан айында келушілерге есігін айқара ашады. Экопарк атауының өзі өңір тарихы мен ұлттық дәстүрлермен тығыз байланысты. Парк аумағында экологиялық соқпақтар салынып, келушілердің демалысына қолайлы арнайы аймақтар ұйымдастырылады.
Селекторлық жиыннан кейін облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілепберген Каюпов жауапты құрылымдарға экологиялық тазалық шараларын жаңа форматта жандандырып, халықтың белсенділігін арттыруды тапсырды. «Хан тоғайы» экопаркінің ашылуы өңірдің табиғи байлығын сақтауға ғана емес, халықтың экологиялық санасын арттырып, туризм саласының дамуына да жаңа серпін беретіні анық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







