Вашингтонда Қазақстан үшін салмағы бөлек екі келіссөз желісі қатар жүрді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірінде Қарағанды мен Жезқазғанды жалғайтын ірі жол жобасына 650 млрд теңге көлемінде қаржы тартылды. Екіншісінде АҚШ Мемхатшысы Марко Рубио қазақстандық делегациямен экономикалық байланыс пен өңірлік ықпалдастықты талқылады.
АҚШ астанасында, Дүниежүзілік банк штаб-пәтерінде «ҚазАвтоЖол», Халықаралық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі бас қосты.
Тараптар Қарағанды – Жезқазған автожолын салу және жаңғырту жөніндегі қаржыландыру келісіміне қол қойды. Жоба аясында 457 шақырым жол салынып, жаңартылады. Қарыз көлемі 650 млрд теңге деп көрсетілген. Қаржыландыру мерзімі мен нақты шарттары әзірге жарияланған жоқ.
Бұл неге маңызды?
Үкімет мәліметінше, жоба көлік инфрақұрылымын күшейтуге, транзиттік әлеуетті арттыруға және өңірлер арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған. Жаңа жол пайдалануға берілсе, жол жүру уақыты қысқарып, қозғалыс қауіпсіздігі артады және Орталық Қазақстан экономикасына қосымша серпін беріледі деген есеп бар.
Қазір конкурс рәсімдері аяқталуға жақын. Биыл жолды жобалау мен құрылыс жұмыстары басталуы тиіс. Жоба логистикаға да жаңа дем беріп, аймақтың инвестициялық тартымын арттыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді деген болжам жасалып отыр.
Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы өкілдігінің басшысы Андрей Михнев Қарағанды – Жезқазған бағыты бұрыннан жалғасып келе жатқан ірі әріптестіктің заңды жалғасы екенін айтты. Оның сөзінше, соңғы 14 жылда Қазақстандағы жол жобаларына 3 млрд доллардан астам қаржы бөлінген. Сол бағдарламалар бастапқы жоспардан да ауқымды нәтиже берген. Яғни күтілгеннен көбірек жол салынып, көбірек шақырым жөнделген.
Михнев алдағы кезеңде Қазақстандағы жол құрылысының кеңейтілген бағдарламасын қаржыландыру жалғасуы мүмкін екенін де аңғартты. Соның ішінде Бейнеу – Сексеуіл бағыты да аталды. Демек, Вашингтондағы келісім бір ғана трассамен шектелмей, ірі инфрақұрылымдық топтаманың келесі кезеңіне ұласуы ықтимал.
Тағы нені білу керек?
Сол күндері Вашингтонда тағы бір саяси-экономикалық мазмұндағы кездесу өтті. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен жүздесті. Кездесуге АҚШ-пен келіссөздер жөніндегі арнайы өкіл Ержан Қазыхан да қатысқан.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметіне қарағанда, тараптар экономикалық байланыстарды кеңейту, Қазақстанның өңірлік бастамалардағы рөлі және бейбітшілік үдерістеріне қатысу мәселесін талқылаған. Вашингтон Астананың C5+1 дипломатиялық платформасындағы белсенділігін және Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға қосып жүрген үлесін де атап өткен.
АҚШ тарапы Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қолдауға бейілді екенін жеткізіп, стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеген.
«Вашингтондағы күн тәртібі Қазақстан үшін жай ғана хаттамалық сапар деңгейінде қалмағаны аңғарылады. Бір жақта нақты ақша мен жол бар, екінші жақта саяси сенім мен стратегиялық байланыс тұр. Қарағанды – Жезқазған трассасына құйылатын қаржы Орталық Қазақстанның күре тамырын кеңейтсе, Рубио өткізген кездесу Астананың аймақтық салмағы Вашингтон назарында сақталып отырғанын көрсетті», — дейді осы тұста сарапшы Айбар Олжай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







