Батыс Қазақстан облысының Кеңтүбек ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жаңа спорт кешені пайдалануға берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауыл тұрғындары бұған дейін спортпен тұрақты айналысу үшін көбіне жазғы маусымды күтетін. Себебі күн райы бұзылған кезде ойын ұйымдастыруға да, жаттығу өткізуге де мүмкіндік аз болатын. Осы мәселені шешу үшін «AMANAT» партиясының бастамасымен спорт кешенінің құрылысы қолға алынып, қазір нысан толық іске қосылды. Жоба партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
Жаңа ғимараттың бір мезеттегі өткізу мүмкіндігі 464 адамға есептелген. Кешен заманауи жабдықпен қамтылған. Оның ішінде әмбебап ойын алаңы, фитнес залы, күрес залы, тренажер залы және жаттығу бөлмелері бар. Енді ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, спортты жүйелі түрде меңгеруге мүмкіндік алып отыр.
Нысанның басты мақсаты – жергілікті халықтың денсаулығын нығайту, балалар мен жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу және ауылда спортпен шұғылдануға қолайлы орта қалыптастыру. Қолжетімді спорт алаңы ауылдағы бұқаралық спорт қозғалысына жаңа серпін беруге тиіс.
Кеңтүбек ауылының тұрғындарының айтуынша, бұған дейін волейбол мен футболдан құрылған командалар жарысқа дайындалу үшін көбіне сырттағы алаңдар мен аулаларды пайдаланған. Енді жаңа кешенде тұрақты жаттығу өткізіп, жоғары нәтижеге ұмтылуға жол ашылды. Жергілікті жастар осы мүмкіндікті өз жетістігін арттыруға пайдаланамыз деп отыр.
Облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиевтің сөзінше, жаңа нысан ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын күшейтіп қана қоймай, тұрғындардың спортқа қызығушылығын да арттырады. Оның айтуынша, осындай алаңдар жас спортшылардың кәсіби деңгейде шыңдалуына мүмкіндік береді. Құрылыс барысында жұмыс сапасына да ерекше назар аударылып, тиісті бақылау жүргізілген.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан бері жалпы сыйымдылығы 1520 орындық 7 спорт нысаны ашылып, пайдалануға берілген. Осы көрсеткіш өңірде бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстың жалғасып жатқанын аңғартады.
Орал қаласында тарихи әрі табиғи маңызы ерекше «Хан тоғайы» заманауи экопаркке айналады. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







