Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем мен банк қызметіне қатысты жаңа талап күшіне енбек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк бекіткен өзгерістер банктердің ақша өндіру құзыретін кеңейтіп, азаматтардың қаржы операциясына қойылатын бақылауды күшейтеді.
Жаңа тәртіпке сай, банк кей жағдайда клиенттің рұқсатын күтпей-ақ шоттан ақша есептен шығара алады. Әңгіме заңда нақты көрсетілген негіздер жайында болып отыр. Оған сот шешімі, салық органының қаулысы немесе атқарушылық өндіріс аясындағы талап кіреді. Осындай жағдайда қаражат міндетті түрде өндіріліп алынады.
Нені білу керек?
Яғни мәселе банктің өз бетінше шешім қабылдауында емес, заңды күшіне енген талапты орындауында. Дегенмен қарапайым клиент үшін мұндай өзгеріс шоттағы ақшаның күтпеген сәтте алынуы мүмкін деген алаңды күшейтетіні анық.
Тағы бір жаңалық банктердің мемлекеттік органдармен дерек алмасуы жеделдейді. Енді шотқа тыйым салу, бұғаттау немесе өзге де шектеу енгізу туралы шешімдер бұрынғыдан да тезірек өңделуге тиіс. Сот орындаушылары мен әділет органдарына жауап беру мерзімі үш жұмыс күніне дейін қысқарған.
Қашықтан шот ашу тәртібі де қатаңдай түсті. Енді мұндай рәсім кезінде мемлекеттік дерекқор арқылы биометриялық сәйкестендіру міндетті талапқа айналады. Мақсат алаяқтық тәуекелін азайту және клиент жайлы мәліметтің шынайылығын күшейту.
Ұлттық банк төлем жасау тетігін де кеңейтті. Бұрынғы классикалық реквизиттермен қатар енді операцияны QR-код, биометриялық дерек және балама идентификаторлар, соның ішінде телефон нөмірі арқылы жүргізуге жол ашылады. Мұндағы есеп төлемді жеңілдету және жылдамдату.
Банк үзінді көшірмесіне қойылатын талап та өзгерді. Енді онда шоттағы қалдық пен ақша қозғалысынан бөлек, енгізілген шектеу, тыйым, сондай-ақ мемлекеттік органдардың орындалмай тұрған талаптары да көрініс табады. Демек, шот иесі өз есепшотындағы тәуекел мен шектеуді бұрынғыдан анық көре алады.
Сәуірде не өзгереді?
Жаңа ережелер 2026 жылдың сәуір айының соңында күшіне енеді. Сол себепті банк шоты бар азаматтар айыппұл, салық берешегі не атқарушылық құжат секілді міндеттемесін алдын ала тексеріп алғаны жөн. Әйтпесе шоттың бұғатталуы не қаражаттың күтпеген жерден есептен шығарылуы жағымсыз тосынсыйға айналуы мүмкін.
Жаңа тәртіптің астары біреу: қаржы жүйесі енді тек төлем алаңы емес, мемлекеттік шешімді жедел орындайтын тәртіп тетігіне де айналып барады. Банктегі ақша бұрынғыдай тек иесінің еркіндегі дүние болып көрінгенімен, заңды талап алға шыққан сәтте оған қол сұғылмайды деген түсінік әлсірей түсті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







