Алматы облысының Кеген ауданы жасыл-желек өсіруден еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді. Әсіресе, бұл өңірдің Шренк шыршасы сияқты табиғатқа ерекше көрік беретін ағаш түрлерін көбейту ісі қарқынды жүріп жатыр. Табиғат байлығын сақтау мақсатында орманшылар жүйелі жұмыстарды қолға алған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің директоры Айболат Сұлтанғазиевтің айтуынша, бүгінде аудан аумағында 154,4 гектар жерге 1 миллионнан астам қылқан жапырақты ағаш отырғызылған. Сонымен қатар, 110 гектар жерге 118 мыңнан астам көшет егілді. Мұндағы негізгі мақсат орман алқабын көбейтіп, топырақтың тозуына жол бермеу. Орманшылардың жұмысы отырғызылған ағаш санымен емес, олардың жергілікті табиғатқа бейімделу көрсеткішімен бағаланады. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 75-80 пайызды құрайды.
Жас көшеттердің сапалы болуы үшін мамандар тұқым өсіру станциялары мен дендрарийде арнайы жұмыс жүргізеді. Соңғы бес жыл ішінде орманшылар 1400 келіден астам сапалы тұқым дайындаған. Яғни, сырттан көшет тасымалдамай, өз тұқымынан өсірілген жергілікті ағаштар өңірдің табиғи ерекшеліктеріне тез бейімделіп, орманның жандануына ықпал етеді.
Бұл мақсатта арнайы дендрарий жұмыс істейді. Аумағы 3,25 гектар болатын бұл алаңда бірнеше жыл ішінде 2 миллион 879 мың көшет дайындалған. Бұл көшеттер аудан аумағындағы Саты ауылының маңындағы орманды толықтырып қана қоймай, Алматы облысының басқа өңірлеріне де жіберілуде. Алдағы уақытта осы дендрарийден өсірілген үш миллионға жуық ағаш көшеті орманға отырғызылып, табиғи экологиялық тепе-теңдікті сақтауға септігін тигізбек.
Жалпы аумағы 89 941 гектарды алып жатқан орман шаруашылығында бүгінгі таңда 109 маман жұмыс істейді. Мекеме барлық қажетті техникамен толық қамтылған. Атап айтсақ, жол талғамайтын 19 патрульдік көлік, 62 жылқы, 2 өрт сөндіру көлігі, 3 жүк көлігі, 6 дөңгелекті және 5 шынжыр табанды трактор, шағын трактор және экскаватор бар.
Соңғы жылдары бұл салаға жастардың қызығушылығы артып келеді. Мамандардың айтуынша, бұған жалақының өсуі және материалдық-техникалық базаның үнемі жаңартылып отыруы әсер еткен. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сай жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар ауданның экотуризмін дамыту мен табиғи байлықтарын сақтау ісіне тың серпін беруде.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданындағы «Ақжол-М» оңалту орталығында ем қабылдап жүрген ерекше балалардың тұсаукесер рәсіміне қатысып, олардың алғашқы қадам басқан сәтіне куә болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







