Қазақстанда психологтардың жұмысы мемлекет тарапынан реттелмек. Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы бұл саланы әуесқойлардан тазартуға, бірыңғай реестр құруға және жұмыстың нақты ережелерін белгілеуге бағытталған. Сарапшылар мен психолог мамандар бұл қадамды қолдайды, бірақ бірқатар маңызды ескертулері бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа заң психолог мамандарға нақты талаптар қойып, кәсіби деңгейі мен құзыретін растайтын мемлекеттік реестрге тіркелуді міндеттейді. Сондай-ақ, клиентпен жұмыс істеу тәртібін де реттейді. Атап айтқанда, психолог өз біліктілігі туралы ақпарат беруге, жұмысының әдістерін түсіндіруге, клиентпен ресми келісімшарт жасауға міндетті болады.
Жаңа ережеге сәйкес, психолог мәселе өз құзыретінен тыс болса, клиентке көмек көрсетуден бас тартып, егер клиенттің өміріне немесе басқаларға қауіп төнсе, тиісті органдарға хабарлауы тиіс.
Психологтардың айтуынша, қазіргі нарықта екі апталық курстардан кейін сертификат алып, психолог ретінде қабылдау жүргізіп отырғандар көп. Салдарынан клиенттің денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Тәжірибелі психолог Виктория Князева заңның қажеттігін қолдайды, бірақ бұл ретте көптеген факторларды ескеру керек деп санайды.
«Бұл салада сегіз жыл тәжірибем бар. Қысқа мерзімді курстардан кейін өзін психологпын деп атайтындармен бір деңгейде қабылдау жүргіземіз. Бірақ жұмыстың сапасы мен нәтижесі мүлде бөлек. Сондықтан бұл саланы реттеу қажет, алайда барлық аспектіні ескерген жөн», – дейді маман.
Психологтарды алаңдататын басты мәселе – заң нарықтағы барлық мамандарды толық қамтымайды. Қазақстанда психологиялық көмекпен қатар тарологтар, астрологтар, энергопрактиктер және түрлі марафон ұйымдастырушылары да кең таралған. Мұндай мамандар клиентпен психологиялық мәселелер бойынша жұмыс істейді, бірақ заң аясынан тыс қалады.
Just Support қорының жетекшісі Светлана Богатырёва жаңа заң психологтарға қатаң талап қойғанымен, жалған мамандарға әсер етпеуі мүмкін деген күдігін жеткізді.
«Психологтарға заң бойынша жұмыс істеуге тура келеді, бірақ шарлатандар нарықта қала береді деген қауіп бар. Олар өз қызметін агрессивті маркетинг арқылы насихаттайды, ал психологиядан нақты білімі жоқ. Осындай мамандарды реттеуге баса назар аудару керек», – дейді сарапшы.
Жалған психологтардан сақтаныңыз
Мамандардың пікірінше, кәсіби емес психолог адамға елеулі психологиялық зиян келтіруі мүмкін. Интегративті психолог Анастасия Лях мысал ретінде клиенттің ресурстық жағдайын ескермей, психологиялық жарақатпен жұмыс істеуді, жеке деректерді заңсыз пайдалануды, эмоционалдық манипуляцияны атап өтті.
«Мұндай жағдайларда зиянды дәлелдеу қиын, себебі психологияда медицинадағыдай талдау нәтижелері жоқ. Сондықтан мұндай істерді кәсіби этикалық комиссия қарауы керек», – дейді маман.
Светлана Богатырёва психологтардың этикалық кодексі бар екенін атап өтті. Барлық психолог маман осы кодекске сүйеніп жұмыс істейді. Кодекс бойынша жақын адамдарға психологиялық көмек көрсетуге, клиенттің келісімінсіз ақпаратты жариялауға тыйым салынады.
Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, дипломның болуы әрдайым сапалы қызметтің кепілі емес. Қазақстандық университеттерде студенттер көбінесе теорияны меңгереді, ал тәжірибелік жұмысқа дайындалмайды. Сондықтан халықаралық тәжірибеге сай супервизия мен жеке практиканы міндеттеу маңызды.
Жаңа заң саланың кәсіби деңгейін көтеруге және клиенттердің құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болғанымен, оның тиімді жұмыс істеуі үшін жоғарыда айтылған мәселелерді ескерген абзал.
Қазақстанда психолог мамандардың қызметіне бақылау мүлде жоқ, ал көшеде самса мен шаурма сататындарға талап он есе қатаң. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қоғамдағы осы парадоксты сынға алып, психологтар қызметін реттейтін заңды шұғыл қабылдауды талап еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







