Мәжілісте жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруге бағытталған маңызды заң жобасы талқыланып жатыр. Заңға енетін өзгерістер мәслихат депутаттарының өкілеттігін кеңейтіп, халықтың жергілікті басқаруға тікелей араласу мүмкіндігін арттырмақ деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заң жобасының басты ерекшелігі жергілікті қоғамдастық жиналыстары мен жиындарының нақты айырмашылығын анықтап беру. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, жиналыс бұл өзін-өзі басқарудың тұрақты органы, ал жиын тұрғындардың тікелей қатысу формасы ретінде белгіленеді. Сондай-ақ аумақтық кеңестердің құрылуы мен қызметі нақты айқындалып отыр.
Бұған дейін бұл норма нақты жұмыс істемеген. Енді аталған кеңестердің қызметі жанданбақ. Яғни, ауылдар мен қалалардың тұрғындары өз аумағын басқаруға белсенді түрде араласа алады.
Сонымен қатар, мәслихат депутаттарының өкілеттіктері біршама кеңейтілмек. Олар әкімдердің жоспарларының орындалуын бақылайды, бюджетке өзгерістер енгізуді ұсынып, бюджеттік комиссиялардың жұмысына қатысады. Коммуналдық меншік объектілерін басқару ісіне де араласу құзыреті арттырылады. Бұдан былай депутаттық сауалдар ашық түрде жарияланатын болады.
Заң жобасының тағы бір маңызды жаңалығы
Депутаттарға берілетін әлеуметтік кепілдіктердің күшеюі. Мәселен, мәслихат президент шешімімен таратылған жағдайда, тұрақты негізде қызмет ететін депутаттарға жұмысқа тұрғанға немесе зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін орташа айлық жалақы көлемінде үш айға дейін жәрдемақы төленеді.
Заң жобасы жергілікті бюджеттер үшін жаңа табыс көздерін де қарастырады. Оның ішінде жаңа алымдар мен айыппұлдар енгізу мәселесі көтеріліп отыр. Мәслихат отырыстарын онлайн форматта өткізу де жоспарға енгізілген. Мұндай қадам жергілікті билік жұмысының ашықтығын арттырады.
Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосқан азаматтарға қаржылай сыйақы беру туралы норма да қарастырылған. Осылайша, заң жобасы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін кешенді түрде дамытуды көздеп отыр. Тұрғындардың жергілікті басқаруға ықпал ету мүмкіндігі артып, мәслихат депутаттарының қызметіне қоғамдық бақылау күшейтіледі.
Айта кетелік, бұған дейін танымал депутат сот орындаушыларына қарсы шығып, банк шоттарын бұғаттауды тоқтатуды талап еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







