Қазақстан мен Моңғолия президенттері Астанада кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нақты мазмұнмен толықтыруға басымдық берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсухтың кездесуі ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасты. Тараптар қазақ-моңғол байланысы достық, өзара қолдау және сенім рухында дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Моңғолия Президентіне Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені және Аймақтық экологиялық саммитке қатысуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қазанда Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарын еске алып, сол сапар екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтергенін айтты. Оның сөзінше, дәл сол кезеңнен кейін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланыс стратегиялық серіктестік дәрежесіне шықты.
Президент сауда-экономикалық ынтымақтастықтың күшейіп келе жатқанын, тауар айналымының жыл сайын өсіп отырғанын, өнеркәсіп бағытында нақты жобалар іске қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ елордада өтіп жатқан қазақ-моңғол бизнес-форумына Моңғолиядан көптеген компания қатысып жатқанын оң бағалады.
Ресми мәліметке сәйкес, былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан. Ухнаагийн Хурэлсух осы сапар нәтижесінде екі халықтың достығы мен сан салалы ықпалдастығы одан әрі беки түсетініне сенім білдірді.
Ол Қазақстанды Моңғолияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесі деп атап, екі ел қатынасына сыртқы саясатта ерекше басымдық берілетінін айтты. Моңғолия басшысының сөзінше, соңғы екі жылда ортақ міндеттер көбейіп, серіктестік жаңа сапалық кезеңге өтті. Ендігі меже – өзара тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу.
Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, цифрландыру, тау-кен саласы, туризм, көлік-логистика және өңіраралық байланыс бағыттарындағы ықпалдастық мүмкіндігі кеңінен қаралды. Президенттер Үкіметаралық комиссия жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге Астана – Ұлан-Батыр және Өскемен – Өлгей бағыттарындағы әуе рейстерін қайта ашу, екі ел арасындағы төте автокөлік жолын салу мәселесін пысықтау үшін арнайы Үкіметаралық жұмыс тобын құру жайы талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Баян-Өлгейде Қазақстан консулдығын ашуға қолдау көрсеткені үшін Моңғолия Президентіне ризашылығын білдірді.
Тараптар білім беру, мәдениет және туризм саласын да назардан тыс қалдырған жоқ. Заң шығарушы органдардың байланысы, ғылыми ортаның ынтымақтастығы және гуманитарлық бағыттағы серіктестік екі ел арасындағы ұзақ мерзімді сенімді нығайтатын тетік ретінде бағаланды. Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстандағы жаңа Конституция бойынша өткен жалпыұлттық референдумды да атап өтіп, оны елдің өсіп-өркендеуіне және заң үстемдігіне негізделген қоғам құруға ықпал ететін тарихи қадам деп бағалады.
Қазақ-моңғол байланысының жаңа кезеңі
Келіссөз қорытындысында екі ел делегациялары 13 құжатпен алмасты. Атап айтқанда, сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандум, сауда-экономикалық байланысты жандандыру жөніндегі құжат бар.
Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша Қазақстанның Атом энергиясы агенттігі мен Моңғолияның Өнеркәсіп және минералды ресурстар министрлігі арасындағы меморандум қабылданды. Сонымен қатар қаржы министрліктері, энергетика саласы, ұлттық банктер және «Самұрық-Қазына» мен Erdenes Mongol компаниясы арасында да өзара түсіністік туралы келісімдер жасалды.
Құжаттар пакеті тек экономикамен шектелген жоқ. 2026-2027 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық іс-қимыл жоспары бекітілді. Астана мен Алатау қалаларының әкімдіктері Қарақорым қаласының әкімшілік аппаратымен «Жаңа Қарақорым» жобасы аясында меморандум жасасты. Қазақстан Президентінің телерадиокешені мен Моңғолияның Ұлттық қоғамдық радио және теледидары, Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Моңғолияның «Шыңғысхан» Ұлттық музейі арасында да ынтымақтастық жөніндегі құжаттар қабылданды.
Астана мен Ұлан-Батыр арасындағы қазіргі диалогтың мазмұнына қарағанда, екі ел енді жай достық мәлімдемелермен шектелмей, серіктестікті нақты жоба, нақты маршрут, нақты инвестиция және нақты келісімшарт деңгейіне түсіре бастағаны байқалады. Бір жағынан, Қазақстан Моңғолиямен сауда мен транзитті күшейтуді көздейді.
Екінші жағынан, Моңғолия Орталық Азиядағы ықпалды серіктеспен байланысын тереңдетуге мүдделі. Осы тұрғыдан қарағанда, Астанадағы келіссөздер екі ел қатынасындағы кезекті дипломатиялық рәсім емес, стратегиялық әріптестіктің практикалық кезеңге өткенін көрсеткен маңызды саяси оқиға болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамытудың стратегиясын бекітті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







