Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен республикалық телекөпірге 5 мыңға жуық тұрғын қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен телекөпірге Абай облысының жұртшылығы бейнережим арқылы қосылды. Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, білім, медицина, спорт саласының қызметкерлері мен студенттер қатысты.

Телекөпірден кейін сөз сөйлеген облыс әкімі «Таза Қазақстан» бастамасының мәні бір күндік акциямен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, тазалық мәдениеті өңірде тұрақты дағдыға айналуы керек. Берік Уәли қоғамдық орынның тазалығы әр адамның мәдениеті мен туған жерге деген құрметін көрсететінін атап өтті.
Облыс әкімінің мәліметінше, былтыр сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде жалпыөңірлік сенбіліктер басталған. Соның нәтижесінде тазалық шараларына 349 мыңнан астам тұрғын қатысып, 52 мың тонна қоқыс шығарылған.
Көгалдандыру жұмыстары барысында 70 мыңнан астам көшет отырғызылды. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 191 заңсыз қоқыс орны жойылған.
Абай облысында 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 44 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген. Биыл осы жоспар аясында 32 іс-шара өткізу көзделіп отыр. Өңір басшысы тұрғындарды жалпыөңірлік сенбіліктерге және ағаш отырғызу жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.
Қазір облыста елді мекендерді тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша санитарлық-экологиялық екі айлық өтіп жатыр. Ол 3 сәуірде басталып, 31 мамырға дейін жалғасады. Осы кезеңдегі сенбіліктерге 29 643 тұрғын, 2040 ұйым және 461 техника жұмылдырылған.
Атқарылған жұмыс нәтижесінде 12 218 аула, 97 саябақ пен сквер, 57 ескерткіш аумағы тазартылды. Полигондарға 2897 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылған. Көгалдандыру жұмыстары аясында биыл 67 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен бірге автомобиль жолдарының бойында 240 гектар аумақты қамтитын орман жолақтарын отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық тәртіп пен санитарлық тазалықты сақтау бағытында да бақылау күшейтілген. Осы уақытқа дейін 4171 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 9,1 млн теңге айыппұл салынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







