Түркістан облысында ауыл инфрақұрылымын жаңарту жұмысы ауыз су, табиғи газ, электр желісі және жол сапасы сияқты күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін бағыттарға негізделіп отыр. Өңір халқының басым бөлігі ауылда тұратындықтан, инженерлік желілерді жеткізу әлеуметтік саясаттың ғана емес, экономикалық дамудың да өзегіне айналды. Түркістан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев сұхбатта газдандырудың қазіргі қарқыны, ауыз су мәселесі, электр желісін жаңарту және алдағы жылдарға арналған жоспар туралы кеңінен айтты.
– Тоқтар Оразұлы, Түркістан облысында ауыл инфрақұрылымын дамыту неге негізгі басымдыққа айналып отыр?
– Түркістан облысының ерекшелігі халықтың көп бөлігі ауылда тұрады. Облыс тұрғындарының шамамен 75 пайызы ауылдық елді мекендерде қоныстанған. Сондықтан біз ауылды ерде инфрақұрылымды дамытуға мүдделіміз.
Ауыз су үйге кірсе, әйелдің де, баланың да, қарттың да күнделікті тіршілігі жеңілдейді. Табиғи газ тартылса, көмір тасу, пеш жағу, түтін жұту азаяды. Электр тұрақты болса, кәсіп ашуға да, баланың оқуына да, шаруаның жұмысын жүргізуге де мүмкіндік көбейеді. Мемлекет басшысы ауылды елдің тамыры деп бекер айтқан жоқ. Ауылдың жағдайы түзелсе, өңірдің де тынысы кеңейеді.
Бүгінде облыста 2, 1 миллион тұрғын, яғни халықтың 98, 5 пайызы ауыз сумен қамтылған. Елді мекен санына шаққанда 763 ауыл мен қала тұрғындары орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Биыл қосымша 30 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры тартылып, 11 елді мекендегі тозған су жүйесі жаңартылады.
Осы жұмыстар толық аяқталса, халықты ауыз сумен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл үлкен меже. Бірақ біз тек құбыр жеткізумен шектелмейміз. Судың қысымы, сапасы, жүйенің ұзақ жұмыс істеуі, апатты жағдайдың азаюуына да назар аударамыз.
– Өңірде ауыз суды әлі де кестемен ішетін ауылдар бар, бұл мәселе қалай шешілуде?
– Иә, кестемен су алатын елді мекендер бар. Қазіргі есеп бойынша, 192 елді мекенде су тұрақты берілмейді немесе белгілі бір уақытпен беріледі. Мұндай жағдай көбіне ескі құбыр, су көзінің қуаты, сорғы станциясының мүмкіндігі, электрмен жабдықтау және ішкі желінің тозуымен байланысты.
Біз алдағы үш жылда осы мәселені толық шешуді жоспарлап отырмыз. Әр ауылдың жағдайы жеке қаралады. Бір жерде жаңа ұңғыма керек, бір жерде резервуар салу қажет. Енді бір елді мекенде магистральды құбырды ауыстыруға тура келеді.
– Табиғи газ бойынша қазіргі көрсеткіш қандай деңгейде?
– Қазір Түркістан облысында табиғи газбен 1 миллион 834 мың адам қамтылған. Бұл 563 елді мекен немесе халықтың 85, 5 пайызы. Ашық деректерде де 2025 жылдың басында облыста 807 елді мекеннің 563-і газға қосылғаны, қамту деңгейі 85, 5 пайыз болғаны көрсетілді.
Биыл осы жұмыс жалғасып, қосымша 37 елді мекенге газ құбыры тартылып жатыр. Нәтижесінде газбен қамтылған халық саны 1 миллион 900 мың адамға жетіп, қамту деңгейі 88, 9 пайызға дейін көтеріледі деп күтіледі.
Биыл аяқталуы тиіс 46 нысанның бір бөлігі пайдалануға берілді, қалған нысандарда құрылыс жұмысы жүріп жатыр.
Жыл қорытындысы бойынша 37 елді мекендегі 73 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді. Сол кезде облыста көгілдір отынға қосылған елді мекен саны 600-ге жетеді.
Қазір 45 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынған, олар қаржыландыру үшін мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізілді. Тағы 39 елді мекенді газбен қамтуға арналған 46 жоба әзірленіп жатыр. Мұның бәрі бір жылдық науқан емес, бірнеше жылға созылған жүйелі жұмыс.
Облыста елді мекендерді газдандыру бойынша 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Сол жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекен санын 765-ке жеткізу көзделген.
Түркістан облысында 2027 жылға дейін 161 елді мекенге табиғи газ жеткізу жоспарланғаны айтылды. Мұның ішінде халқы аз, шалғай орналасқан ауылдар да бар. Кей ауылда 12-ақ үй болуы мүмкін. Ондай жерге газ тартудың экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бірақ әлеуметтік маңызы бөлек. Сондықтан әр елді мекен бойынша техникалық мүмкіндік, қаржы, халық саны және ұзақ мерзімді тиімділік қатар қаралады.
– Созақ ауданына алғаш рет табиғи газ берілуі өңір үшін қандай маңызға ие?
– Созақ Түркістан облысындағы ұзақ уақыт бойы табиғи газ мәселесі толық шешілмей келген ауданның бірі болатын. Биыл Шолаққорған ауылдық округіне газ берілуі тарихи оқиға болды десек артық айтқандық болмас еді.
Созақтағы магистральды газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы 4 600 тұрғын үйді газбен қамтуға мүмкіндік ашылады. Жобаның құны 4, 1 миллиард теңге, қуаты сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Газ ауданның экологиясына, шағын кәсіпке, әлеуметтік нысандардың жұмысына, халықтың тұрмысына әсер ететін үлкен қадам.

– Газ құбыры тартылғанымен, кейде тұрғындар үйіне бірден қосыла алмай жатады, мұндай мәселе қалай шешіледі?
– Бұл өте маңызды мәселе. Елді мекенге газ құбыры келді дегенмен, әр үйдің ішкі желіге қосылуы бөлек жұмыс. Мұнда абоненттеу, құжат рәсімдеу, техникалық шарт алу, үй ішіндегі жабдықты қауіпсіз орнату, есептегіш қою секілді кезең бар.
Облыс әкімі аудан және қала әкімдіктеріне газ құбыры жеткен елді мекендерде абоненттеу жұмысын созбай ұйымдастыруды тапсырды. Келесі күзгі-қысқы маусымға дейін тұрғындарды толық қосу міндеті қойылды. Себебі құбыр ауыл шетінде тұрып, үй ішіндегі пеш бұрынғыдай көмірмен жағылып отырса, халық нақты игілікті сезінбейді.
Табиғи газ ауылға келгенде бірінші кезекте тұрмыс жеңілдейді. Қыста көмір іздеу, тасу, сақтау, күл шығару азаяды. Үйдің ауасы тазарады. Әсіресе көпбалалы отбасы, қарт адамдар, денсаулығы әлсіз тұрғындар үшін айырмашылық бірден сезіледі.
Екінші жағынан, газ кәсіпке де жол ашады. Наубайхана, жылыжай, шағын өндіріс, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет сияқты бағыттар тұрақты энергия көзіне сүйенеді.
Үшінші әсер – экология. Көмір аз жағылған жерде түтін де, күл де, ауаға тарайтын зиянды қалдық та төмендейді. Сондықтан газдандыруды тек коммуналдық жоба ретінде қарамаймыз. Ол ауыл экономикасының қозғалтқышына айнала алады.
– Республика бойынша газдандыру қарқынымен салыстырғанда Түркістан облысының орны қандай?
– Ел бойынша табиғи газға қол жеткізген халық саны шамамен 13 миллион адамға жеткен. 2026 жылдың қорытындысы бойынша республикалық газдандыру деңгейін 64, 3 пайызға жеткізу жоспарланғанын білеміз.
Түркістан облысында халықты газбен қамту 85 пайыздан жоғары. Яғни біздің өңір республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары тұр. Бірақ елдімекен саны көп, ауылдар шашыраңқы орналасқандықтан, жұмыс күрделі. Облыста 800-ден астам елді мекен бар. Бір аудан мен екінші ауданның арасы алыс, кей ауылдың географиясы күрделі. Сол себепті көрсеткіш жоғары болғанымен, соңғы ауылдарға жету ең қиын кезең болып саналады.
– Соңғы екі жылда 66 елді мекеннің электр жүйесі жаңғыртылып, тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтылды. Электр желілерінің тозуы – көптеген ауылға ортақ мәселе. Ескі баған, ескі сым, қуаты аз трансформатор болған жерде жарық жиі өшеді, кернеу төмендейді, тұрмыстық техника бұзылады. Ауылда су сорғысы да, мектеп те, медицина пункті де, шағын кәсіп те электрге тәуелді. Сондықтан электр жүйесін жаңарту газ бен судан кем маңызды емес. Әсіресе жазда суару, қыста жылыту жабдығы, мектептегі цифрлық құралдар тұрақты жарық сұрайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







