Қазақстан гидроэнергетика саласын бірден үлкен секіріспен емес, кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Қазір ел аумағында жалпы қуаты 313 МВт болатын 43 гидроэнергетика нысаны жұмыс істеп тұр. Энергетика саласының білікті маманы Қуаныш Жұмабековпен тілішлеріміз тілдесіп, су электр стансаларының елдің энергетикалық теңгеріміндегі орны, жаңа жобалар жайында ой-пайымын білген едік. Енді соған назар аударсаңыздар.
– Қуаныш Рабатұлы, Қазақстанда гидроэнергетика саласының қазіргі жағдайын қалай бағалауға болады?
– Қазақстан үшін гидроэнергетика жаңартылатын энергияның ең тұрақты бағыттарының бірі. Қазір республика бойынша жалпы белгіленген қуаты 313 МВт болатын 43 гидроэнергетика нысаны жұмыс істеп тұр.
Әрине, мұны алып энергетикалық қуат деп айту қиын. Бірақ су электр стансаларының өзіндік артықшылықтары бар. Олар күн немесе жел энергиясына қарағанда табиғи режимге бейім, жүйеге тұрақтылық береді. Әсіресе өзен-көлге жақын орналасқан өңірлер үшін тиімді. Сондықтан сала бір күнде емес, нақты жоба, нақты өзен, нақты аймақ қағидатымен дамып келеді.
– Соңғы уақыттары гидроэнергетика бағытында қандай маңызды жоба іске қосылды?
– 2025 жылы Жетісу облысында қуаты 26 МВт болатын «Корин СЭС-2» пайдалануға берілді. Бұл өңір үшін де, жалпы елдің жаңартылатын энергия қоржыны үшін де маңызды жоба.
Жетісу облысының табиғи су әлеуеті жоғары. Таулы аймақтарда шағын және орта су электр стансаларын салуға мүмкіндік бар. «Корин СЭС-2» сол мүмкіндіктің нақты нәтижеге айналдырудың бір көрінісі десек болады. Мұндай нысандар жергілікті энергия тапшылығын азайтып, экологиялық таза электр өндіруге жол ашады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі 8, 621 млрд кВт. сағ болды. Соның ішінде қолданыстағы шағын және орта су электр стансалары 1, 196 млрд кВт. сағ экологиялық таза энергия өндірген.
Бұл көрсеткіш гидроэнергетиканың ЖЭК жүйесіндегі өзіндік орны бар екенін дәлелдейді. Су электр стансалары өндірген энергия көмірге тәуелділікті азайтуға, өңірлік энергия теңгерімін жеңілдетуге және ауаға тарайтын зиянды қалдық көлемін төмендетуге ықпал етеді.
– Бүгінде еліміз дәл шағын және орта су электр стансаларына баса мән беріп отыр?
– Біздің елде ірі өзендер көп болғанымен, барлық жерде үлкен су электр стансасын салу мүмкін емес. Ал шағын және орта СЭС жергілікті табиғи жағдайға тезірек бейімделеді.
Оларды шалғай ауданға, тау бөктеріндегі елді мекенге немесе өндіріс нысанына жақын орналастыруға болады. Мұндай жобалар алып инфрақұрылым салмай-ақ, белгілі бір аумақты тұрақты электрмен қамтуға көмектеседі.
Ең бастысы өзеннің табиғи ағынын есеппен пайдалану керек. Су ресурсына салмақ түсірмеу, экологиялық тепе-теңдікті бұзбау негізгі талап.
2030 жылдың соңына дейін жалпы қуаты шамамен 660 МВт болатын жаңа су электр стансаларын іске қосу жоспарлануда.
Бұл қазіргі қолданыстағы қуаттан бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Егер жобалар толық әрі сапалы жүзеге асса, гидроэнергетиканың елдің энергия теңгеріміндегі салмағы артады. Мұндай өсім әсіресе оңтүстік және шығыс өңірлер үшін маңызды. Өйткені дәл осы аймақтарда су ресурсы да, энергияға деген сұраныс та жоғары.
– Қуаныш мырза, аукциондық сауда тетігі гидроэнергетикаға қалай әсер етеді?
– Аукциондық сауда салаға ашықтық әкелетін құрал. Инвесторлар нақты шартпен қатысады, жобаның бағасы, қуаты, іске асыру мерзімі ашық қаралады.
2025 жылы гидроэнергетика жобалары үшін 500 МВт қуат аукционға шығарылды. Бұл мемлекет тарапынан салаға нақты қызығушылық бар екенін көрсетеді.
Аукцион инвестор үшін де, мемлекет үшін де тиімді. Бір жағынан, бәсеке қалыптасады. Екінші жағынан, сапалы, қаржылық мүмкіндігі бар компаниялар іріктеледі. Энергетика саласында құр уәде емес, іске асатын жоба маңызды.

– Су электр стансалары қай өңірлерде көбірек шоғырланған?
– Қолданыстағы жаңартылатын энергия нысандарының, соның ішінде су электр стансаларының ең жоғары шоғырлануы елдің оңтүстік және шығыс аймақтарында орналасқан.
Көшбасшы өңірлер қатарында Жамбыл, Алматы және Жетісу облысы бар. Бұл кездейсоқ емес. Аталған аймақтарда тау өзендері, су ағыны, табиғи еңіс, энергетикалық әлеует бар. Осындай географиялық артықшылықты дұрыс пайдалану арқылы өңірлер өзін-өзі энергиямен қамту мүмкіндігін кеңейте алады.
Кей жерде орталық желіге тәуелділік жоғары, желі тозған, қашықтық ұзақ. Су электр стансалары осындай аумақтарда жергілікті шешім бола алады. Өзеннің табиғи қуатын дұрыс есептеп, шағын станса салынса, ауылға, әлеуметтік нысанға, шағын кәсіпке тұрақты энергия беріледі. Энергетика тек өндіріс емес, тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін сала екенін ұмытпауымыз керек.
– Су электр стансасын салуда қандай тәуекел бар?
– Ең басты тәуекел су ресурсын дұрыс бағаламау. Өзеннің маусымдық деңгейі, экологиялық ағыны, ауыл шаруашылығына қажет су, балық қоры, жергілікті табиғат бәрі есепке алынуы керек. Қағаз жүзінде қуат жақсы көрінуі мүмкін, бірақ нақты жерде су азайса немесе экожүйеге салмақ түссе, жоба өзін ақтамайды.
Сондықтан әр СЭС жобасына энергетикалық нысан ғана деп қарауға болмайды. Ол су шаруашылығы, экология, жергілікті экономика және халық мүддесімен қатар қаралуы тиіс.
Қазақстан энергетикасында көмірдің үлесі әлі жоғары. Сондықтан жасыл энергия көздерін көбейту ұзақ мерзімді қажеттілік. Гидроэнергетика осы теңгерімді әртараптандыруға септеседі.
Жел мен күн стансалары ауа райына көбірек тәуелді болса, су электр стансалары белгілі бір деңгейде тұрақты генерация бере алады. Әрине, гидроэнергетика барлық мәселені бір өзі шешпейді. Бірақ ол энергия жүйесіне қосымша тірек болады. Әсіресе өңірлік деңгейде оның пайдасы айқын сезіледі.
– Инвесторлар үшін бұл сала қаншалықты тартымды?
– Гидроэнергетика инвестор үшін ұзақ мерзімді сала. Жоба бірден пайда әкелмеуі мүмкін, бірақ дұрыс салынса, ондаған жыл жұмыс істейді. Аукциондық тетік, келісімшарттар, өңірлік қажеттілік, жасыл энергияға сұраныс бәрі инвестор қызығушылығын арттырады.
Бірақ инвесторға тұрақты ереже, түсінікті тариф, жергілікті әкімдікпен үйлесімді жұмыс және инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігі керек. Мемлекет осы шарттарды нақты әрі ашық ұсынса, салаға қаржы тарту жеңілдейді.
Егер жоспарланған жобалар уақтылы іске қосылса, 2030 жылға қарай гидроэнергетиканың елдегі жаңартылатын энергия жүйесіндегі орны күшейеді. Жалпы қуаты шамамен 660 МВт болатын жаңа стансалар іске қосылса, өңірлердің энергия қауіпсіздігі артады, шалғай аумақтардың тұрақты электрге қол жеткізу мүмкіндігі кеңейеді.
Ең маңыздысы Қазақстан табиғи су әлеуетін есеппен, ұқыппен және ұзақ мерзімді пайдаға бағыттап пайдалануы керек. Су елдің энергетикалық болашағына қызмет ететін табиғи мүмкіндік.
– Әңгімеңізге рахмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







