Қазақстанда инклюзивті білім беру кеңейіп келеді, бірақ арнайы маман тапшылығы әлі де өткір мәселе болып тұрғаны жасырын емес. Ерекше балаға сабақта, эмоциялық бейімделуі үшін тұрақты қолдау қажет. Осы ретте Ertenmedia.kz тілшісіне білім саласындағы білікті маман Жәдігер Қожахмет инклюзиялық білімнің қоғамдағы мәні жайында кеңінен әңгімелеп берді.
– Жәдігер мырза, елімізде инклюзивті білім беру саласындағы ең өзекті мәселе қандай?
– Қазір ең үлкен мәселенің бірі маман тапшылығы. Ресми деректерде елімізде инклюзивті білім беру жүйесіне 3, 5 мыңға жуық маман жетіспейтіні айтылып жүр. Соңғы Үкімет отырыстарында да өңірлерге қосымша 3408 арнайы педагог қажет екені көрсетілді.
Осы ретте әңгіме педагог-ассистент, дефектолог, логопед, психолог, тьюторлық қолдау көрсететін қызметкер, оңалту және түзету жұмысымен айналысатын мамандардың бәрі кіретінін айта кетуіміз керек. Мектепте осы мамандар болмаса, балаға нақты көмек жетпей қалады.
Кейбіреулер инклюзияны мектепке пандус қоюмен немесе ерекше баланы жалпы сыныпқа қабылдау деп ойлайды. Шын мәнінде, инклюзиялық білім баланың сол ортада өзін қауіпсіз сезінуі, сабаққа қатысуы, білім алуды қамтитынын естен шығармауымыз керек. Мектепте ереке балаға сабақты түсіндіретін логопед, оқу дағдысын түзейтін дефектолог болмаса бәрі бекер. Осындай талаптар болмаса қоғамда инклюзия толық іске аспайтынын түсінуіміз керек.
– Қазір ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны қанша?
– Ашық деректерге қарасақ, 2025-2026 оқу жылының басында Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Олардың 90 пайызы қолдаумен қамтылғаны, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарланғаны айтылды. Бұдан жүйенің кеңейіп келе жатқанын көруге болады.
Бірақ қамту пайызы өскен сайын сапа мәселесі алға шығады. Бала тізімге енді, мектепке барды дегенмен, оған күн сайын кім көмектеседі деген сұрақ ашық қалмауы керек.
Бүгінде педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттілігі бар баланың сабақтағы тірегі. Ол мұғалімнің орнына сабақ бермейді, бірақ баланың оқу процесіне қосылуына көмектеседі. Мысалы, бала тапсырманы түсінбей және тәртіпке бейімделе алмаса педагог-ассистент бағыт береді.

Ресми мәлімет бойынша, елімізде 3, 8 мың педагог-ассистент және 10 275 арнайы педагог жұмыс істеп жүр. Педагог-ассистенттерді енгізу нәтижесінде шамамен 2 мың бала үйде оқудан мектепке оралғаны айтылды. Бұл өте маңызды көрсеткіш. Себебі бала үйде оқыса, білім алуы мүмкін, бірақ ортадан алыстап қалады.
– Дефектолог пен логопедтің жұмысы қандай нәтиже береді?
– Дефектолог баланың танымдық, оқу, қабылдау, ойлау дағдысын дамытады. Логопед сөйлеу, дыбыстау, сөздік қор, тілдік байланыс мәселесімен айналысады. Кей бала әріпті тануға қиналады.
Енді бірі сөйлем құрай алмай, мұғалімнің нұсқауын түсінбей отырады. Мұндайда «оқымайды», «тыңдамайды» деп қоя салуға болмайды. Бұл ретте мәселе баланың еркелігінде емес, оның даму ерекшелігінде болуы мүмкін. Дұрыс маман дер кезінде жұмыс істесе, бала біртіндеп ашылады.
– Маман тапшылығы әсіресе қай өңірлерде қатты сезіледі?
– Соңғы ресми мәліметтерде маман тапшылығы Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстарында өзекті екені айтылды. Ірі қалаларда бала саны көп, сұраныс жоғары. Ал ауыл мен шағын аудандарда басқа қиындық бар. Кей жерде бір логопед бірнеше мектепке қызмет етіп жүргенін білеміз. Мұндай жүктемемен сапалы жұмыс істеу қиын. Инклюзия қалалық орталықтарда ғана емес, әр ауыл мектебінде сезілуі керек.
Арнайы педагогика жүрекпен ғана емес, кәсіби төзіммен істелетін сала. Мұнда нәтиже бір күнде көрінбейді. Кей баламен бірнеше ай бойы бір дыбысты, бір әрекетті қайталауға тура келеді.
Жас маман университеттен теориямен келіп, мектепте нақты өмірді көргенде қиналып қалады. Жүктеме көп, жауапкершілік ауыр, кейде ата-анамен жұмыс та оңай емес. Егер жалақы, әдістемелік қолдау, тәлімгерлік және кәсіби мәртебе жеткіліксіз болса, маман басқа салаға кетіп қалатыны да жасырын емес.
Бұгінде мұғалімдердің дайындығы әртүрлі. Көп педагог ерекше баламен жұмыс істеуге ниетті, бірақ нақты әдістеме жетіспей жатады.
Жалпы сыныпта 25 бала отырса, оның ішінде ерекше қолдауды қажет ететін оқушы болса, мұғалімге қосымша білім керек. Ол баланың мінезін, қабылдауын, тапсырманы қалай бейімдеу керегін, ата-анамен қалай сөйлесу керегін білуі тиіс. Сондықтан инклюзивті білім беру тек арнайы маман даярлаумен шектелмеуі керек. Әр мұғалім осы бағытта тұрақты біліктілік арттырудан өтуі қажет.
– Мемлекет тарапынан қандай жүйелі қадамдар жасалып жатыр?
– Инклюзивті саясаттың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланып, жүйені кезең-кезеңімен дамыту жұмысы жүріп жатыр. Арнайы білім беру ұйымдарының желісі 539 мекемені қамтиды. Оның ішінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, түзету кабинеттері, оңалту орталықтары бар.
Мектепке дейінгі ұйымдар мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында педагог-ассистент штаттары енгізіле бастады. Бұл дұрыс бағыт. Бірақ қағаздағы құрылым баланың күнделікті өмірінде нақты қызметке айналуы керек.
Қоғамда ерекше баланы көргенде аяушылықпен немесе қорқынышпен қарау дұрыс емес. Ол да білім алуға, ойнауға, дос табуға, ортаға қосылуға құқылы бала. Инклюзия қоғамның адамға деген мәдениетін көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







