Қазақстан БҰҰ аясында өзін ядролық қарусыздану, өңірлік тұрақтылық, гуманитарлық жауапкершілік және көпжақты дипломатия бағытында белсенді мемлекет ретінде көрсетіп келеді. Өз кезегенде саяси сарапшы Нұргелді Әбдіғани Ertenmedia.kz тілшісіне Қазақстанның жаһандық бастамалары кездейсоқ дипломатиялық қадамдардан тұрмайды, олардың түбінде қауіпсіздікке қатысты ұстаным мен Орталық Азиядағы жауапты серіктес болуға ұмтылысы жатқанын айтып берді.
– Нұргелді мырза, Қазақстанның БҰҰ аясындағы бастамаларын қалай бағалайсыз?
– Қазақстан үшін БҰҰ мінбері сыртқы саясаттағы ең маңызды алаңдардың бірі. Ел 1992 жылы ұйымға мүше болғаннан кейін өзін бірден агрессивті күн тәртібімен емес, бейбітшілік, қарусыздану, тұрақтылық және диалог бағытымен танытты.
Қазақстан халықаралық саясатта «үлкен күш» болуға емес, сенімді, болжамды және жауапты серіктес болуға тырысты. Яғни, біз ұран көп айтатын емес, өз тарихынан шыққан нақты бастаманы ұсынатын мемлекет ретінде көріндік.
– БҰҰ тұрақты бюджетіне жарнаны уақытында төлеу сырт көзге техникалық мәселе сияқты көрінеді. Оның саяси мәні бар ма?
– Әрине, бар. Халықаралық ұйымдағы бедел тек мінберден сөйлеген сөзбен өлшенбейді. Мемлекет өз міндеттемесін қалай орындайды, келісімге қаншалықты адал, қаржылық тәртіпті сақтай ма осының бәрі маңызды.
БҰҰ дерегінде 2026 жылғы тұрақты бюджетке жарнасын белгіленген 30 күндік мерзім ішінде толық төлеген 55 мемлекет көрсетілген. Қазақстан сол тізімде бар. Бұл елдің БҰҰ жүйесіне жай қатысушы емес, жауапты мүше ретінде қарайтынын көрсетеді. Ұ
йым жарғысында қарызы белгілі бір деңгейден асқан мемлекет Бас Ассамблеяда дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін. Сондықтан жарнаны уақытында төлеу шағын техникалық деталь емес, көпжақты дипломатияға құрмет белгісі.
– Қазақстанның БҰҰ алдындағы ең ірі саяси капиталы қай бағытта деп ойлайсыз?
– Ең ірі капитал ядролық қарусыздану. Қазақстан бұл тақырыпты сырттан үйренген жоқ. Семей полигонының зардабын өзі көрді. Халық денсаулығына, табиғатқа, тұтас өңірдің тағдырына түскен ауыр салмақ ел жадында қалды.
Сондықтан ядролық сынақтарға қарсы ұстаным біз үшін сыртқы саясаттағы әдемі сөйлем емес, тарихи жарадан туған жауап. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан бастамасымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады. Ол 64/35 қарары арқылы бекітілді. Осы дата Қазақстанның әлемдік антиядролық қозғалыстағы орнын айқындап берді.
Кеңес Одағы тараған кезде Қазақстан аумағында әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдың бірі қалды. Сол қарудан өз еркімен бас тарту жас мемлекет үшін үлкен саяси шешім болды. Әлем ядролық қарудан бас тартқан елді әлсіз емес, жауапты мемлекет ретінде қабылдады. Бұл Қазақстанға сенім әкелді.
– Қазақстанның Ауғанстан бағытына жиі көңіл бөлуі немен байланысты?
– Ауғанстанды Қазақстаннан алыс жатқан бөлек мәселе деп қабылдау дұрыс емес. Ауғанстандағы тұрақсыздық Орталық Азияға тікелей ықпал етеді. Терроризм, есірткі тасымалы, босқындар, заңсыз көші-қон, су және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты қауіптер шекараға тоқтамайды.
Сондықтан Қазақстанның Ауғанстанды оқшаулай берсек, мәселе шешілмейтінін ұдайы айтып келеді. Оны өңірлік экономикалық, гуманитарлық және инфрақұрылымдық байланысқа біртіндеп қосу қажет. Бұл өте нәзік бағыт, бірақ Қазақстан дәл осы жерде көпір болуға тырысып отыр.
– Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашу бастамасының мәні қандай?
– Бұл Қазақстанның ең маңызды өңірлік бастамаларының бірі. 2025 жылғы 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығын құру туралы қарарды консенсуспен қабылдады.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дерегінше, құжатты 152 мемлекет тең автор ретінде қолдады. Мұндай кең қолдау бастаманың өңірлік қана емес, жаһандық маңызы бар екенін көрсетеді. Орталық су, климат, көлік, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, әлеуметтік даму сияқты ортақ мәселелерді үйлестіруге арналған алаң бола алады.
Бұл ретте Алматының символдық және практикалық маңызы зор. Біріншіден, қала Қазақстанның бұрынғы астанасы, дипломатиялық және білім ортасы қалыптасқан мекен.
Екіншіден, қаржы, логистика, университет, халықаралық ұйымдармен байланыс жағынан әлеуеті жоғары.
Үшіншіден, Алматы Орталық Азияның көптеген қаласына мәдени әрі экономикалық тұрғыдан жақын. БҰҰ өңірлік орталығы осында орналасса, Қазақстанның Орталық Азиядағы интеллектуалды және дипломатиялық хаб ретіндегі орны күшейеді. Бұл бастама елдің имиджі үшін ғана емес, өңірдегі нақты жобаларды үйлестіру үшін де маңызды.
– Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалогтағы бастамалары БҰҰ күн тәртібімен қаншалықты үйлеседі?
– Толық үйлеседі. Қазіргі әлемде діни радикализм, ақпараттық арандату, мәдени бөліну, сенім дағдарысы күшейіп тұр. Қазақстан көпэтносты және көпконфессиялы ел ретінде диалог мәдениетін сыртқы саясаттың бір құралына айналдырды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 20 жылдан астам уақыт бойы Астанада өтіп келеді. Бұл бастама әлемдегі қақтығыстарды бірден тоқтатып тастайды деп айту артық. Бірақ оның саяси мәні бар. Қазақстан әртүрлі сенім мен мәдениеттің өкілдері сөйлесе алатын алаң ұсынады. Диалогтың өзі тұрақтылықтың бір шарты.
– Қазақстанның жаһандық бастамаларында қандай ортақ желі бар?
– Ортақ желі тұрақтылыққа инвестиция жасау. Ядролық қарусыздану да, Ауғанстанды өңірлік даму жүйесіне қосу да, дінаралық диалог та, гуманитарлық операциялар қауіптің тамырын ерте көріп, жауапкершілік арқылы жұмсартуға бағытталған.
Қазақстан үлкен геосаяси ойыншы емес шығар, бірақ географиясы өте күрделі жерде орналасқан. Ресей, Қытай, Орталық Азия, Каспий, Ауғанстан бағыты – бәрі бізге әсер етеді. Сондықтан Қазақстан үшін тұрақтылық сәнді сөз емес, ұлттық мүдде.
Өз басым Қазақстанды БҰҰ осы тепе-теңдікті көрсетуге ыңғайлы алаң деп есептеймін. Қазақстан бір ғана күш орталығына байланбай, көпжақты институттар арқылы өз дауысын жеткізеді.
Ядролық қарусыздану бойынша Батыспен де, Шығыспен де сөйлесе алады. Орталық Азия бойынша көрші елдермен ортақ күн тәртібін ұсынады. Ауғанстан мәселесінде қауіпсіздік пен гуманитарлық бағытты қатар қояды. Бұл көпвекторлы саясаттың практикалық көрінісі.
Егер біз БҰҰ мінберінде тұрақты даму туралы айтсақ, ел ішінде экология, су, әлеуметтік теңсіздік, өңірлік даму, адам құқығы мәселесіне де жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
Ал қарусыздану туралы айтсақ, бейбітшілік мәдениетін ішкі саясатта да сақтауымыз керек. Халықаралық бедел тек сырттағы сөзбен емес, ішкі институттардың сапасымен өлшенеді. Сондықтан жаһандық бастама мен ішкі реформа бір-бірін толықтыруы тиіс.
– Қазақстанның БҰҰ аясындағы келесі маңызды бағыты қандай болуы мүмкін?
– Меніңше, үш бағыт күшейеді. Біріншісі, су және климат қауіпсіздігі. Орталық Азияда бұл тақырып жыл өткен сайын өткір болады. Екіншісі – азық-түлік және көлік-логистика қауіпсіздігі. Қазақстан астық, транзит, орта дәліз, өңірлік сауда арқылы үлкен рөл атқара алады. Үшіншісі, цифрлық және гуманитарлық қауіпсіздік. Жасанды интеллект, киберқауіп, ақпараттық манипуляция, радикализм сияқты жаңа қатерлер БҰҰ күн тәртібіне көбірек шығады. Қазақстан осы салаларда да өз ұсынысын дайындауы керек.
– Қорытындылай айтқанда, Қазақстанның жаһандық бастамалары елге не береді?
– Олар елге бедел ғана емес, мемлекетіміздің қауіпсіздігін нығайтады. Халықаралық сенім артса, мемлекетпен есептеседі. БҰҰ аясындағы белсенділік Қазақстанға өз мүддесін өркениетті жолмен қорғауға мүмкіндік береді.
Ядролық қарусыздану бізге моральдық капитал берді. SDG орталығы өңірлік хаб рөлін күшейтіп, Ауғанстан бойынша бастамалар қауіптің алдын алуға көмектесетіні анық. Ал гуманитарлық операциялар Қазақстанның адам тағдырына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Ең маңыздысы осы бастамалар қағаздағы дипломатия болып қалмай, ел ішіндегі тұрақтылыққа, өңірлік ынтымақтастыққа және нақты адам қауіпсіздігіне қызмет етуі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







