Мемлекеттік қызметке қатысты жаңа заңға есірткіге тексеру талабы енгізілді. Енді бірқатар шенеунік наркоскринингтен тұрақты әрі тосын тәртіппен өтуге міндеттеледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сенат мақұлдаған құжат мемлекеттік қызметті тек мансап пен жалақы жүйесі арқылы емес, жауапкершілік өлшемі арқылы да өзгертуді көздейді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мұқсимовтың айтуынша, тексеру ең алдымен басшылық қызметтегі адамдарға қатысты болады.
Тексеріс ескертусіз жүргізіледі
Мұқсимовтың сөзінше, наркоскринингтен жыл сайын өтуге міндетті адамдар екі негіз бойынша анықталады. Біріншісі, қол астында қызметкері бар басшылар. Екіншісі, лауазымының сипатына қарай тәуекелі жоғары саналатын қызметкерлер. Мысалы, мемлекеттік құпиямен жұмыс істейтін адамдар.
«Мұндай шектеулер мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға және азаматтардың сенімін күшейтуге бағытталса, қалыпты талап саналады», деді ол.
Тексеріс тосын тәртіппен өтеді. Қызметкерге наркоскринингтен өту қажеттігі хабарланғаннан кейін 48 сағат ішінде тексерілуі керек. Бас тартуға жол берілмейді. Бір ерекшелігі, тексеру шығынын қызметкер өзі төлейді. Есесіне оған демалыс күні беріледі.
Заңда тек бақылау емес, мемлекеттік қызметшілерге берілетін кепілдіктер де қарастырылған. Заңның жалпы мақсаты мемлекеттік аппаратты «халық қызмет ететін жүйеге» жақындату деп түсіндірілді. Яғни шенеунік енді қағаз бен кабинет логикасымен емес, қызмет сапасы, ашықтық және азамат сенімі өлшемімен бағалануға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







