Жетісу облысында «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында Сиверс алма ағашының гүлдеуіне арналған фестиваль өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылғы 2 мамырда Сарқан ауданының Тополевка ауылы маңында ұйымдастырылған іс-шара өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, экологиялық туризмді дамытуға және табиғи мұраны кеңінен насихаттауға бағытталды. Фестивальдің негізгі мәні – әлемдік маңызға ие Сиверс жабайы алмасының табиғи қорын сақтау мәдениетін қалыптастыру.
Жетісу облысы Сиверс жабайы алмасының негізгі табиғи таралу аймағы саналады. Ғалымдар осы бірегей алманың әлемдік табиғи қорының шамамен 48 пайызы аталған өңірде шоғырланғанын айтады. Сондықтан мұндай фестиваль тек мерекелік шара ғана емес, табиғатты қорғау мен ғылыми-экологиялық танымды қатар дәріптейтін маңызды алаңға айналып отыр.
Фестивальге 7 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар 50-ден астам блогер мен инфлюенсер Жетісудың табиғи сұлулығын, туристік бағытын және экологиялық құндылығын кең аудиторияға танытуға үлес қосты.

Қонақтарға гүлдеген Сиверс алма алқаптарын тамашалау мүмкіндігі ұсынылды. Іс-шара аясында пленэр форматындағы суретшілер байқауы, мәдени-көпшілік бағдарлама, ұлттық спорт ойындары, қолөнершілер көрмесі, шеберлік сағаттары және концерт ұйымдастырылды.
Фестивальдің мазмұнын халықаралық шығармашылық жоба да толықтырды. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Қазақстаннан келген суретшілер өз туындыларын ұсынып, Жетісудың табиғи мұрасын өнер арқылы танытты. Көрме қорытындысы бойынша мәдени байланысты дамытуға және өңірдің табиғатын насихаттауға үлес қосқан қатысушылар марапатталды.
Мерекелік кеште қазақстандық орындаушылар Bayansulu мен Қуандық Рахым өнер көрсетіп, фестивальдің мәдени салмағын арттыра түсті.
Республикалық іс-шаралар күнтізбесіне енген фестиваль Жетісудың туристік имиджін нығайтып, ішкі және келу туризмін дамытуға ықпал етеді. Сиверс алмасының гүлдеуі өңір үшін жай табиғи құбылыс емес, Жетісудың тарихи, экологиялық және туристік болмысын айқындайтын ерекше құндылық ретінде таныла бастады.

📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







