Түркия статистика институтының ресми дерегіне сәйкес, наурызда жылдық инфляция 30,87 пайыз болған еді. Сәуірде тұтыну бағасының индексі бір айда 4,18 пайызға өсті. Ал 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда баға өсімі 14,64 пайызға жетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Anadolu агенттігі жүргізген сауалнамада сарапшылар сәуірдегі жылдық инфляцияны 31,11 пайыз, айлық инфляцияны 3,19 пайыз болады деп болжаған. Алайда нақты көрсеткіш болжамнан жоғары шықты.
Баға өсіміне ең көп әсер еткен негізгі бағыттардың бірі – азық-түлік пен алкогольсіз сусындар. Бұл санаттағы баға сәуірде жылдық есеппен 34,55 пайызға көтерілді. Оның жалпы инфляцияға қосқан үлесі 8,72 пайыздық тармақ болды.
Көлік саласында да баға қысымы сақталып отыр. Тасымал және көлік қызметтері бір жылда 35,06 пайызға қымбаттады. Бұл жалпы инфляцияға 5,66 пайыздық тармақ қосқан.
Ең жоғары өсім тұрғын үй секторында тіркелді. Баспананы жалдау, су, электр энергиясы, газ және өзге де отын түрлері бойынша баға жылдық есеппен 46,60 пайызға көтерілді. Аталған бағыттың инфляцияға қосқан үлесі 6,30 пайыздық тармақ болды.
Айлық көрсеткіште де тұрғын үй коммуналдық шығындары алда тұр. Сәуірде бұл санаттағы баға бір айда 7,99 пайызға өсті. Азық-түлік пен алкогольсіз сусындар 3,70 пайызға, көлік қызметтері 4,29 пайызға қымбаттады.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылғы сәуірде Түркияда тұтыну бағасы бір айда 3 пайызға, бір жылда 37,86 пайызға өскен. Ал 2024 жылғы сәуірде айлық инфляция 3,18 пайыз, жылдық инфляция 69,80 пайыз болған еді.
Яғни Түркияда инфляция екі жыл бұрынғы ең жоғары деңгейден айтарлықтай төмендегенімен, баға қысымы әлі де күшті. Әсіресе тұрғын үй, коммуналдық қызмет, азық-түлік және көлік саласындағы қымбатшылық халықтың күнделікті шығынына тікелей әсер етіп отыр.
Қазақстанда міндетті автосақтандыру құнын есептеу жүйесі өзгереді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті қаулы жобасын әзірледі. Құжатта көлік иелері үшін сақтандыру сыйақысын есептеуге қолданылатын «бонус-малус» жүйесін қайта қарау көзделген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







