Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бахтиер Ибрагимовпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет және туризм бағытындағы байланыстар сөз болды. Тараптар өзара тауар айналымын арттыру, бірлескен өндіріс орындарын ашу, өңіраралық байланысты нығайту және туристік әлеуетті бірге дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Аталған жұмыс Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев арасындағы жоғары деңгейдегі келісімдер аясында іске асып келеді. Екі ел басшыларының өзара сенімі мен тұрақты саяси диалогы өңіраралық ынтымақтастыққа да серпін беріп отыр.
Нұралхан Көшеров Түркістан облысы мен Өзбекстанның шекаралас өңірлері тарихи, мәдени және экономикалық тұрғыдан тығыз байланыста екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстан – тамыры бір, бауырлас елдер. Түркістан облысы осы байланысты одан әрі тереңдетуге, сауда, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салада ортақ жобаларды іске асыруға дайын.

Облыс әкімі былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойғанын еске салды. Бұл шешім өңірдің дамуына жаңа мүмкіндік ашты. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан президенттері қол қойған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жөніндегі Жол картасы аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Кездесу барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Тараптар жаңа өндіріс орындарын ашу, шетелдік инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады. Өңірде мақта-тоқыма кластерін дамытуға бағытталған ірі жобалар қолға алынған. Сонымен қатар Түркістан қаласының тарихи-мәдени мүмкіндігін тиімді пайдалану және туристік инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілді.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр. Өңір ет өнеркәсібінде де маңызды рөл атқарады. Қазақстан бойынша ірі қара етінің экспортының 80 пайызы, ұсақ мал етінің 75 пайызы осы аймаққа тиесілі. Бұл көрсеткіш Түркістанның аграрлық және экспорттық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
«Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы
Аймақта инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Қазір облыста 21 индустриялық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл алаңдарда салықтық жеңілдіктер қарастырылып, өндірістік жобаларды тиімді іске асыруға мүмкіндік берілген.
Өзбекстан елшісі Бахтиер Ибрагимов Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, өзбекстандық кәсіпкерлер мен инвесторларды осы өңірге бағыттауға мүдделі екенін айтты. Оның сөзінше, Түркістанның Өзбекстан үшін орны ерекше. Көптеген өзбекстандық бұл қаланы қасиетті мекен ретінде жақсы біледі. Сондықтан туризм мен кәсіпкерлікті дамыту екі тарап үшін де маңызды бағыт болып қала береді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 560 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт 409,5 млн доллар, импорт 150,5 млн доллар болды. Өзбекстаннан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 292,8 млн АҚШ долларын құрады.
Қазір бірнеше бірлескен жоба кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Олардың қатарында ет өңдеу кешені, Сауран ауданындағы суару жүйелерін өндіретін зауыт және балық шаруашылығы жобасы бар.
Кездесу қорытындысында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді. Түркістан облысы үшін Өзбекстанмен байланыс тек көршілік қатынас емес, сауда, өндіріс, ауыл шаруашылығы және туризм арқылы нақты экономикалық нәтиже беретін маңызды бағытқа айналып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы Түркістан облысында жемісті жүзеге асуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







