Президент әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылған Айбек Дәдебайге алдағы саяси науқанды абыроймен өткеру міндеті жүктелмек деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әзірде президент Тоқаев Айбек Дәдебайды Президент әкімшілігінің басшысы қызметінен босатып, орнына бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары болған Роман Склярды тағайындады.
Ақорданың баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы Дәдебайдың ПӘ-дегі жұмысына жоғары баға беріп, алғысын білдірген. Енді Дәдебай арнайы тапсырма бойынша қоғамдық-саяси жұмыстарға жұмылдырылады.
«Алдағы уақытта Қазақстанда үлкен саяси кампания өткелі тұр. Осындай маңызды әрі жауапты кезеңде Айбек Дәдебай Президенттің жеке тапсырмасы бойынша қоғамдық-саяси бағыттағы жұмыстарды қолға алады», – деді Смадияров. Осылайша, бұрынғы әкімшілік басшысы билік дәлізінен алыстамай, керісінше, саяси процестердің ортасына белсенді түрде кіріспек.
Айта кетейік, Президент әкімшілігінің басшысы қызметіне келген Роман Скляр бұған дейін экономикалық блоктағы күрделі мәселелермен айналысып келді. Ол Үкіметте өнеркәсіп, құрылыс, транспорт, энергетика мен инфрақұрылымдық жобаларды үйлестірді. Ertenmedia-ның тұрақты сарапшысы Нұрлан Жұмахан тағайындаудың саяси салмағы зор деп отыр.
«Тоқаев бұған дейін инвестициялық штабтың жұмысына оң баға беріп, соның ішінде Склярды ерекше атап өткен-ді. Ел аузында АП деп аталып еткен Президент әкімшілігінің басшысы қызметі Мемлекет басшысы, үкімет және аппарат арасындағы байланысты қамтамасыз ететін, стратегиялық маңызды орын. Склярдың Ақордаға ауысуы кездейсоқ емес», – деді сарапшы.
Ал Айбек Дәдебайға берілген жаңа міндет оның саяси беделі мен тәжірибесіне деген сенімді білдіреді. Оның жұмысының нақты сипаты мен нәтижесі алдағы саяси науқанда айқындалмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







